Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады
Fitch халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде растады, хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық экономика министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, агенттік несие рейтингіне «тұрақты деген» баға берген.
Еліміздің рейтингін қолдайтын негізгі факторлар – қуатты фискалдық және сыртқы теңгерімдер. Агенттік сарапшыларының пікірінше, олар сыртқы күйзелістерге тұрақтылығын дәлелдеді. Сондай-ақ ірі фискалды буферлер сыртқы таза кредитор мәртебесін сақтауға мүмкіндік берді.
Таза шетелдік активтер бойынша Қазақстанға жоғары тәуелсіз позиция берілді, ол 2021 жылдың соңында ЖІӨ-нің 37 пайызын құрады.
Fitch есебінде атап өтілгендей, қазақстандық банк секторының капитал қоры жеткілікті деңгейде. 2022 жылғы 3 тоқсандағы жағдай бойынша жұмыс істемейтін кредиттердің коэффициенті 4,6 пайызды құрады.
Сарапшылардың пікірінше, ұлттық валютадағы салымдар бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер және басқа да бірқатар шаралар депозиттерде қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Жақын уақыттан бері рейтингтің негізгі факторларының қатарына ESG көрсеткіштері қосылды.
«Несие берушілердің құқықтары» индикаторы бойынша 20 жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік борышты қайта құрылымдауға жол бермеу ҚР-дың кредиттік қоржынына оң әсер етуде, - делінген Fitch есебінде.