Финляндия Сыртқы сауда және даму министрі Қазақстанға келеді
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі «Жол картасын» әзірлеу мәселесін қарастырады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров апта сайынғы брифинг барысында мәлімдеді.
«28 ақпан мен 1 наурыз аралығында Қазақстан-Финляндия Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысына қатысу үшін Финляндия Сыртқы сауда және даму министрі Анне-Мари Виролайненнің Астанаға сапары өтеді. 28 ақпанда Үкіметаралық комиссия отырысының шеңберінде тараптар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қазандағы Финляндияға ресми сапарының қорытындылары бойынша келісімдерді жүзеге асыру контекстінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылайды. Атап айтқанда, тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі «Жол картасын» әзірлеу мәселесін қарастырады», - деді ресми өкіл.
Сол күні Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан-Финляндия іскерлік және инвестициялық дөңгелек үстел өткізіледі. Оған екі елдің 40-тан аса іскер топтарының өкілдері қатысады деп күтілуде.
«Ал 1 наурызда Қазақстан-Финляндия саяси консультацияларының кезекті раунды өткізіледі. Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы саяси диалогты тереңдетудің жай-күйі мен перспективаларын талқылайды», - деді баспасөз хатшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан делегациясы Абу-Даби қаласында өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 46-шы сессиясына қатысады.