Филиппиндегі кеме апаты: 5 адам қаза тауып, 86 адам із-түзсіз кетті
Тәулік бойы өртенген кемедегі іздеу жұмыстарына қалың түтін мен күшті ағын кедергі келтіруде.
Филиппин мемлекетінің Корон туристік орталығы бағытында келе жатқан «MV June Aster» кемесі өртеніп, салдарынан 5 адам қаза тауып, 86 адам хабарсыз кетті, деп хабарлайды тілшісі BBC News-ке сілтеме жасап.
Манила қаласынан 117 жолаушы мен 17 экипаж мүшесін тасымалдап шыққан кеме өз баратын жеріне жақындаған сәтте апатқа ұшыраған.
Жергілікті уақыт бойынша сәрсенбі күні кешкі сағат 18:45-те басталған тілсіз жау бейсенбі күні күндізгі сағат 11:00-ге дейін әлі де сөнбеген. Жағалау күзеті өкілдерінің хабарлауынша, іздеу-құтқару жұмыстарына күшті ағын мен қалың түтін кедергі келтіріп жатыр.
Алдын ала мәліметтер бойынша, өрт контейнерлер мен тауарлар сақталатын жүк бөлігінен шыққан болуы мүмкін. Сондай-ақ кейбір жолаушылардың құтқару кеудешесін кимегені анықталды.
Қазіргі уақытта 43 адамның құтқарылғаны белгілі болды, ал зардап шеккендердің нақты жағдайы әзірге анықталу үстінде.
Жағалау күзеті өкілдері ауа райының қолайсыздығына қарамастан, барлық қолда бар ресурстарды жұмылдырып, іздеу-құтқару операциясын тәулік бойы жүргізіп жатқанын жеткізді.
Кеменің иесі – «Atienza Interisland Ferries» компаниясы орын алған қайғылы жағдайға байланысты терең қайғыратынын мәлімдеп, туыстарынан айырылған отбасыларға көңіл айтты және мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс атқарып жатқанын жеткізді.