1 Тамыз 2026, 20:55 Фото: pexels.com

ФИФА әлем чемпионаттарының коммерциялық құқықтарын жеке инвесторларға сатудан бас тартты

УЕФА мен КОНКАКАФ-тың қарсылығынан кейін ФИФА даулы жоспарынан бас тартты.

ФИФА әлем чемпионаттары мен өзге де турнирлердің құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға сату жоспарынан бас тартты.

DW таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл шешім туралы 1 тамыз, сенбі күні ФИФА президенті Джанни Инфантино мәлімдеді. Бұған Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) қатаң сыны мен турнирлерге бойкот жариялау қаупі себеп болған.

Барлық тараптың пікірін мұқият тыңдай отырып, бұл жоба қолдау деңгейіне қарамастан, бастапқы мақсатына сай келмейтін келіспеушіліктерге алып келгенін түсіндік. Біздің мақсатымыз әрдайым біріктіру және дамыту болды әрі солай болып қала береді, – деді Джанни Инфантино.

Оның айтуынша, бұл ұсыныс бойынша жұмыс жалғаспайды. Сондай-ақ Инфантино жақын арада барлық мүдделі тараптармен кездесу өткізетінін айтты.

Бұған дейін ФИФА басшысы әлем чемпионаты мен өзге де турнирлердегі үлесті жеке инвесторларға сатуды жоспарлап отырғаны белгілі болған еді. БАҚ мәліметінше, ықтимал сатып алушылардың қатарында АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің туыстары болған. Инфантино бұл мәміле футбол қауымдастықтарының табысын төрт есеге дейін арттыратынын айтып, жоспарды қабылдау үшін 19 қыркүйекке дейін уақыт берген.

Алайда 30 шілдеде УЕФА құрамындағы барлық 55 ұлттық қауымдастық Инфантино бұл бастаманы жүзеге асырған жағдайда ФИФА турнирлеріне бойкот жариялайтынын мәлімдеді.

Болашақ ұрпақтың игілігі үшін сеніп тапсырылған дүниені ешкімнің сатуға моральдық құқығы жоқ, – деп мәлімдеді УЕФА.

Еуропалық ұйымның сынына Солтүстік және Орталық Америка мен Кариб бассейні елдерінің футболына жауап беретін КОНКАКАФ конфедерациясы да қосылды. Оның құрамына 41 ұлттық футбол федерациясы кіреді.