Фейк: Pfizer вакцинацияланған адамдардың байланысын бақылай алады

Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунттардың бірінде Pfizer-дің вакцинацияланған адамдардың байланыстарын қашықтықтан бақылауға арналған патенті туралы жазылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Stopfake.kz-тің мәліметінше, ақпарат шындыққа жанаспайды.

Жарияланым авторының айтуынша, мұндай патенттердің саны 18,5 мыңнан асады және олар басқа фармацевтикалық компанияларда да бар. Бұл адамзатты ортақ «серверге» қосу мақсатында жасалады екен. Бұл жалған. Вакцинацияға қарсы адамдар бұған дейін COVID-19 қарсы вакциналарда наночиптер болады деген теорияларды алға тартқан болатын. Олардың пікірінше, вакцинацияланған адамдардың өмірін бақылап, қадағалау көзделген. Фактчекерлер бұл ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарды.

Бұл жолы дәлел ретінде ұсынылып отырған патентті Pfizer тіркемеген. Оны Майер Фенстер мен Гал Эрлих рәсімдеген. Бұл Израильдегі Ehrlich and Fenster компаниясының патенттік сенім білдірген тұлғалары.

Құжаттың дәрі-дәрмектер мен вакциналар шығаруға ешқандай қатысы жоқ. Өнертабыс 2021 жылдың 31 тамызында рәсімделді. Ал идеяның өзі 2020 жылдың көктемінде, ковидке қарсы вакциналар болмаған кезде пайда болған.

Өнертапқыштар Bluetooth байланысы арқылы ең коммуникативті адамдарды анықтауды ұсынды. Бұл әлеуметтік желілерде ең көп жазылушысы бар адамдар, демек олар нақты өмірде де белсенді араласады. Эрлихтің айтуынша, вирустың таралуын болдырмау үшін алдымен осындай адамдарды егу тиімді болады.

Бақылау процесі электронды құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылды. Бірақ ішкі емес, сыртқы. Патентті мұқият оқып шықсаңыз, онда адамның бойындағы чиптер емес, ұялы телефондар туралы жазылғанын түсінесіз.

Демек, Pfizer компаниясының вакцинацияланған адамдардың байланысын бақылауға мүмкіндік беретін патент жоқ. Жарияланымда патент деректері бұрмаланған және ол оқырмандарды шатастырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Архив BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы