6 Қазан 2026, 10:55 Фото: АШМ баспасөз қызметі

Фермерлер үшін жаңа цифрлық жүйе құрылады: Агросалада не өзгереді?

Қазақстанда ауыл шаруашылығын цифрландыруға арналған бірыңғай Digital Agro платформасы құрылады

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы барлық негізгі цифрлық жүйелер мен деректерді біріктіретін бірыңғай Digital Agro платформасы құрылады. Бұл бағыт «Digital Қазақстан» стратегиясын іске асыру жоспарына енгізілген. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру алты негізгі бағытты қамтиды. Олар – мемлекеттік қолдаудың бірыңғай цифрлық терезесін дамыту, мал және өсімдік шаруашылығындағы қадағалау жүйелерін жетілдіру, жер ресурстарын цифрлық басқару, фермерлерді цифрлық құралдарды пайдалануға ынталандыру және салалық деректерді бір жүйеге біріктіру.

Мемлекеттік қолдау цифрланады

Мемлекеттік қолдау мен қызметтердің бірыңғай цифрлық терезесі ретінде Gosagro цифрлық субсидиялау жүйесі жұмыс істейді.

Бүгінде жүйені 209 мыңнан астам пайдаланушы қолданады. Министрдің айтуынша, мемлекеттік жүйе өтінім берушілер үшін тегін. Бұған дейін өтінім беру құны 11 айлық есептік көрсеткіш болған.

Жүйеде ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін электрондық кезек, күту парағы және форматтық-логикалық бақылау енгізілген. Сонымен қатар өтінім берушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында қарсы міндеттемелер тетігі қарастырылған.

39,6 млн-нан астам жануар цифрлық есепте тұр

Мал шаруашылығындағы жеткізу тізбегін қадағалау үшін үш негізгі ақпараттық жүйе интеграцияланған.

ИСЖ жүйесі жануардың туған және тіркелген сәтінен бастап, оның орны мен иесінің ауысуы, ветеринариялық іс-шаралар, сою және есептен шығаруға дейінгі бүкіл өмірлік циклін мемлекеттік есепке алуға мүмкіндік береді.

Қазір жүйеде 39,6 млн-нан астам жануар тіркелген. Оның ішінде шамамен 9,3 млн ірі қара, 24,5 млн ұсақ мал және 4,9 млн жылқы бар.

Асыл тұқымды мал республикалық мал шаруашылығы жүйесі – ЕАСУ арқылы есепке алынады. Бұдан бөлек, жануар иелеріне арналған «Төрт түлік» мобильді қосымшасы жұмыс істейді.

Егіс пен өнім де цифрлық бақылауға көшеді

Өсімдік шаруашылығындағы қадағалауға арналған ақпараттық жүйе – ИСПР әзірленіп жатыр.

Жүйеде егіс жоспарын цифрландыру, өнімді цифрлық есепке алу, өнім партияларын тіркеу, тұқым материалын бақылау және ғарыштық мониторинг қарастырылған.

ИСПР іске қосылғаннан кейін өнімнің цифрлық есебі жүргізіліп, тұқымның пайдаланылуынан бастап, астық партиясының өндірушіден элеваторға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік туады.

Жердің цифрлық картасы 100% қалыптастырылды

Жер ресурстарын цифрлық басқару бағытында жердің цифрлық картасы толық қалыптастырылған.

Қазір агрохимиялық талдау 80%, геоботаникалық зерттеу 47%, топырақ зерттеуі 41% орындалған. Бұл көрсеткіштерді 2029 жылға қарай 100%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды бақылау үшін ЖерИнСпектр ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ол ғарыштық мониторинг арқылы заң бұзушылықтарды анықтаудан бастап, оларды уәкілетті қызметкердің растауына дейінгі бақылау циклін қамтамасыз етеді.

650-ден астам кәсіпорын цифрлық технологияларды қолданады

Министрдің мәліметінше, қазірдің өзінде 650-ден астам кәсіпорын цифрлық технологияларды пайдаланады. Оның ішінде 200-ден астам шаруашылық «смарт-ферма» санатына жатады.

Сонымен қатар 112 сүт фермасында автоматтандырылған мониторинг, 30-дан астам бордақылау алаңында автоматтандырылған бақылау жүйесі қолданылады.

Шаруашылықтарда автоматтандырылған сауу, бұзауларды автоматты азықтандыру, отын мен навигацияны бақылау, агродрондар, ақылды суару жүйелері және метеостанциялар енгізіліп жатыр.

Келесі міндет – аграршыларды цифрлық технологияларды қолдануға ынталандыратын мемлекеттік қолдау шараларын қалыптастыру.

Салалық деректер бір платформаға біріктіріледі

«Digital Қазақстан» стратегиясының осы бағыттарын іске асыру нәтижесінде Smart Data Agro салалық деректер шоғыры қалыптастырылады.

Оған ауыл шаруашылығы саласындағы барлық негізгі жүйелердің ақпараты шоғырланады. Үлкен көлемдегі деректер негізінде жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін цифрлық талдау жүйесін құру жоспарланып отыр.

Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларының функционалы мен деректерін біріктіретін бірыңғай Digital Agro платформасы жұмыс істейтін болады.