Фермерлер енді жыл сайын бір кепілмен несие ала алады

Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарына арналған ерте қаржыландыру тәжірибесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, биылғы өсімдік өсіру маусымының қорытындысы бойынша алғаш рет 1,8 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізілген. Бұл – ғылыми тұрғыда негізделген қажеттіліктің 56 пайызы. Элиталық тұқым үлесі 9,5 пайыздан 11,5 пайызға дейін өсіп, жоспарланған 10,5 пайыздық межеден асып түсті.

Ерте қаржыландыру тәжірибесі жалғасын тапқанын ерекше атап өткім келеді. 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына өтінім қабылдау басталды. Сонымен қатар қарашаның екінші онкүндігінен бастап аграршыларға арналған несие желілері тетігі енгізіледі. Бұл жүйе фермерлерге жыл сайын бір ғана кепілмен револьверлік негізде қаржылануға мүмкіндік береді, – деді Айдарбек Сапаров.

Министрліктің дерегінше, жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске асырудың арқасында, оның көлемі 250 млрд теңгеге жеткен. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны 6,5 пайызға дейін өсті, ал техника паркінің тозу деңгейі небәрі екі жыл ішінде 80 пайыздан 70 пайызға дейін төмендеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы