Фермерлерге несие алу жеңілдейді
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Биыл фермерлерге несие алу тәртібі жеңілдейді. Бұл туралы Аграрлық несие корпорациясының басқарма төрағасы Нұрмұхан Сарыбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, осы жылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көктемгі егістік жұмыстарына жылдық мөлшерлемесі 7%-бен 60 млрд теңге қаражат мемлекет тарапынан бөлінеді.
«Егіс алқаптарының басым бөлігі Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Сондықтан қаражаттың басым бөлігі осы облыстарға тиесілі. Дегенмен өтінімдерге қараймыз. Басқа өңірлерден өтінім көп түсетін болса, онда несиені оларға да береміз. Ең бастысы олар өтінімдерін уақтылы тапсырса болғаны», - деді Нұрмұхан Сарыбаев елордада өткен брифингте.
Сонымен қатар басқарма төрағасы биыл пилоттық жоба негізінде Ақпараттық есептеу орталығымен бірге qoldau.kz сайтында агрокредит бөлімі ашылғанын жеткізді.
«Бөлім ақпан айынан бастап іске қосылады. Оған несиені тікелей алатын шаруа қожалықтары онлайн режімде тіркеліп, өтінімдерін тапсырады. Олар қанша жері бар, өткен жылы қанша өнім алғаны, қандай кепілдігі бар екенін дәлелдейтін құжаттар жинаудан босатылады. Осылайша, уақытын үнемдейді. Бұл құжаттар мемлекеттік базадан алынады», - деді төраға.
Айта кетейік, осыған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі биыл қанша тонна астық жиналатынына қатысты болжам жасағанын жазғанбыз.
Дәурен Ерболат
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Биыл қанша тонна астық жиналады?
Өзгелердің жаңалығы