Фатих Мехмет Караджа: Климаттық дағдарыс – бұл тек экология емес, ар-ождан мәселесі
Климаттың өзгеруін тек экологиялық, экономикалық немесе саяси мәселе ретінде ғана емес, ар-ождан, этика және сенім мәселесі ретінде де қарастыру қажет. Бұл туралы Түркия Республикасының Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары Фатих Мехмет Караджа Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол өз сөзінде климаттың өзгеруі және адамның қоршаған әлем алдындағы жауапкершілігі мәселесіне ислам тұрғысынан тоқталды.
«Бізге аманат етілген әлемді болашақ ұрпаққа қандай күйде қалдырамыз? Бұл мәселе тек экология ғылымына, экономикаға немесе саясатқа ғана қатысты емес. Бұл – ар-ождан, этика және сенім мәселесі», – деді Фатих Мехмет Караджа.
Ол температураның көтерілуі, құрғақшылық, су тасқыны, орман өрттері, биоалуантүрліліктің азаюы, сондай-ақ су және азық-түлік ресурстарына түсетін қысымның артып келе жатқанын атап өтті.
Караджаның айтуынша, осы мәселелердің барлығының астарында бұдан да маңызды сұрақ жатыр – адам табиғатпен қарым-қатынасын қалай құруы керек?
«Ислам түсінігінде адам әлемнің абсолютті иесі емес. Ол өзіне аманат етілген игіліктер үшін жауапты», – деп атап өтті ол.
Түркия өкілі қазіргі таңда адам әрекетінің табиғатқа тигізетін салдары барған сайын анық байқала бастағанын айтты. Оның ішінде ормандардың жойылуы, судың ластануы және климаттың өзгеруі бар.
«Адамзат ысырапшылдықтан ұстамдылыққа, тұтынудан жауапкершілікке, пайдаланудан ұқыпты қарым-қатынасқа, немқұрайлылықтан саналы әрекетке көшу мүмкіндігіне ие», – деді Фатих Мехмет Караджа.
Ол қазіргі қоғамның тұтынушылық әдеттеріне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, қажеттілік пен қалаудың арасындағы шекара біртіндеп жойылып барады. Ал ислам ұстамдылық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстануға үндейді.
Сөзінің басында Караджа Қазақстан халқына және әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығулары кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты.