Фармацияда фейк өнім мен жемқорлық бар – Әлихан Смайылов деректер келтірді

Қазақстанда азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген аудит аяқталды. Нәтижелерін Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азаматтар үшін дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. 2024 және 2025 жылдары жүргізілген екі аудит нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде бірқатар өзекті мәселелер мен кемшіліктер анықталды. Олар ғылым мен өндірістен бастап, нормативтік реттеу мен халыққа дәрі-дәрмек беруді ұйымдастыруға дейін барлық деңгейде кездеседі.

Смайыловтың сөзінше, Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңгеге жетсе, оның 84%-ы – шетелдік өнім.

2022-2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алайда биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі де жасалмаған.

Ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі өте төмен. Соңғы он жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалғанына қарамастан, олардың біреуі Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген, — деді Смайылов.

Мемлекет отандық фармацевтиканы дамыту үшін ауқымды көлемде жеңілдіктер мен преференциялар беруде.

Соңғы үш жылда осы салаға берілген преференциялардың жалпы көлемі 148 млрд-қа жетті. Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілердің өнімін 10 жыл бойы сатып алуға кепілдік беретін ұзақ мерзімді шарттар жасайды. Мұндай сатып алу көлемі соңғы бес жылда 69 млрд теңгеден 112 млрд теңгеге дейін өсті.

Отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқаруда, — деді Палата төрағасы.

Жұмыс істеп тұрған 200-ден астам отандық тауар өндірушінің 34-і ғана ұзақ мерзімді шарттар түрінде мемлекеттік қолдау шарасын пайдалана алды.

Өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейді. Бұл талаптарды формалды түрде орындауға және жағдайды теріс пайдалануға мүмкіндік жасайды. Мәселен, 2024 жылы жеке компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізген. Алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Тайландтан сатып алған партиясымен сәйкес келеді.

Бұл жағдай шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сату тәуекелін көрсетеді. Мемлекетке өнім нарықтағы бағамен салыстырғанда екі есе жоғары бағамен сатылған. Мұндай схемалар импортты алмастыру саясатының мәнін бұрмалап қана қоймай, мемлекетке тікелей залал келтіреді, — деді ол.

Палата төрағасы өндірісті локализациялау кезіндегі тәуекелдерді ерекше атап өтті. Кейбір тауар өндірушілер арзан және нашар тазартылған шикізат пайдаланады. Бұл тиісті бақылау болмаған жағдайда нарыққа сапасыз өнімдердің түсу ықтималдығын арттырады. Мысалы, компаниялардың бірінен 3 млрд теңгеге сатып алынған препараттар қолдануға жарамсыз деп танылып, есептен шығарылған.

Аудит дәрі-дәрмекті нарыққа шығару процедураларының шамадан тыс бюрократияланғанын және ұзақ уақыт алатынын анықтады.

Бірыңғай дистрибьютор жаңа дәрі-дәрмекті сатып алуы үшін ол бес түрлі тізбеге енгізілуі қажет. Қолдан жасалған шектеулер салдарынан сатып алудың басым бөлігі бір ғана өнім берушінің қатысуымен өткізіледі. Мұндай жағдай бағаның өсуіне әкеледі.

Бағаны реттеу жүйесі дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне және бағаның негізділігіне қамтамасыз етпейді. Қолданыста болған үстеме бағалар жүйесі нарық үшін шекті бағаларды өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін, бюджет есебінен сатып алу үшін 35%-ға дейін негізсіз арттыруға мүмкіндік берген.

Денсаулық сақтау министрлігі біздің нұсқамаларды орындау шеңберінде Баға белгілеу қағидаларына өзгерістер енгізіп, үстеме бағалардың регрессивті шкаласын қайта қарады, — деді Смайылов.

Еске салайық, осыған дейін Қазақстанда дәрі-дәрмек арзандайды деп жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы