Фараби-1150. Қысқы универсиаданың ашылу салтанаты өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған Қазақстанның VIIІ қысқы универсиадасының салтанатты ашылуы өтті.

Ашылу рәсіміне Риддер қаласы әкімінің орынбасары Данияр Дүйсембаев, Қазақстан Ұлттық студенттік спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директорының орынбасары Сағдат Садықов қатысты.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы: "Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады" делінген тапсырмасын орындау айғағында Универсиада өзекті шара болады.

Универсиадаға 26 ЖОО-дан 500-ге жуық студент қатысуда.

Қазақстан Универсиадасы 5 спорт түрінен (қысқы президенттік көпсайыс 20-24 ақпан Өскемен, керлинг 26 ақпан - 7 наурыз Алматы, қысқы спорттық бағдарлау 4-9 наурыз Риддер, биатлон және шаңғы жарысы 9-15 наурыз Риддер) өтеді деп жоспарланған.

ҚР БҒМ "ҰҒПДТО" білім алушылардың Гимназиада мен Универсиадаға қатысуына қызығушылығын арттыру үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, білім басқармаларының бағдарламасындағы іс-шараларда жеңімпаз болған оқушылар мен студенттерге халықаралық дәрежедегі спорт шебері, спорт шебері және спорт шеберіне үміткер атағын беру үшін  ҚР Әділет Министрлігіне тіркеуге  «Спорттық атақтар, разрядтар және біліктілік санаттарын беру қағидаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жұмыстар жүргізуде.

Универсиада нәтижесімен 2021 жылы 21-31 қаңтарда Люцернде (Швейцария) өтетін  XXX қысқы Универсиада ойындарына Қазақстаннан қатысатын спортшылар белгілі болады.

Естеріңізде болса, 2017 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында алғаш рет Универсиаданы өткізген болатын. Қазақстан Универсиадаға 1993 жылдан бері қатысып келе жатыр. Осы жылдары 186 медаль иеленген (106-қысқы, 80-жазғы спорт бойынша).
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы