"Фактілермен қорғанамын". Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптарды мойындамады

Астанада қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаева өздеріне тағылған айыпты мойындамайтындарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қоғам назарын аударған істе басты фигурант Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптардың негізсіз екенін айтып, оларды мойындамайтынын мәлімдеді.

Мен өзіме тағылған негізсіз айыптауларды мойындамаймын. Бүгін сот процесі басталды, және кейін барлық фактімен өзіме тағылған кінәларға қарсы шығамын, – деді ол судьяның қойған сұрағына жауап бергенде.

Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева да “жоқ” деп, айыпты мойындамайтынын айтты.

Сот процесі жалғасып жатыр. 

Бұған дейін Перизат Қайрат халықты қалай алдағаны айтылды.

Сондай-ақ сот залынан БАҚ өкілдерін шеттету туралы шешім қабылдағанын жаздық. 

Тыңдау жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Журналистер арнайы баспасөз орталығынан ақпарат таратып жатыр. Залда отыруға тек тараптарға ғана рұқсат берілді.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы