29 Қазан 2026, 20:09 Фото: depositphotos.com

Facebook-тегі шағым: Шенеуніктер тұрғынды сотқа берді

Facebook желісіндегі жарияланымдар сот дауына себеп болды.

Жамбыл облысының тұрғыны Facebook желісінде шенеуніктерді сынға алды. Сәулет бөлімі бұл сөздерді шындыққа сай келмейді деп танып, теріске шығаруды талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
 
Сотқа жүгінуге жауапкердің 2026 жылғы шілде айында Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбалары себеп болған. Талап қоюшының пікірінше, аталған жарияланымдарда мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына күмән келтіріліп, бөлімнің қызметі «жеке дүкенге» айналғаны туралы сипаттама берілген. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлері азаматтардың өз мәселелерін шешуіне заңсыз кедергі келтіріп отырғандай әсер қалыптастырылған.

Ал сотта түсіндірілгендей, жазбалар жарияланған сәтте мемлекеттік қызмет көрсету туралы өтінішті қараудың заңды мерзімі әлі аяқталмаған. Соған қарамастан, әлеуметтік желіде мерзімдердің бұзылғаны және азаматтарға негізсіз кедергілер келтірілгені туралы тұжырымдар жарияланған.

Бөлім өкілдері мұндай тұжырымдар қызметкерлерге деген сенімге нұқсан келтіреді деп тапты. Олар сот арқылы бұл мәліметтерді шындыққа жанаспайды деп тануды, жазбаларды жоюды, теріске шығару мәтінін жариялауды және моральдық зиянды өтеуді талап етті.

Дегенмен сот бұл талаптар бойынша түпкілікті шешім шығарғанға дейін тараптар өзара татуласуға келісті. Азамат Facebook парақшасында теріске шығару мәтінін жариялап, бөлімнен кешірім сұрауға міндеттенді.

«Сонымен қатар ол алдағы уақытта расталмаған ақпаратты таратпауға және жарияланым жасамас бұрын мәліметтердің дұрыстығын тексеруге уәде берді», – деп хабарлады Жамбыл облысының Жамбыл аудандық сотының баспасөз қызметі.

Бөлім өкілдері өз кезегінде талап арыздан бас тартты. Сот келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты. Ұйғарым заңды күшіне енді.

Ал азаматтың уағдаластықты орындаған-орындамағаны туралы хабарламада айтылмаған.