Facebook инвестициясы: Ақтөбелік 2,4 млн теңгесін жоғалтты

Ақтөбелік азамат акционер боламын деп алаяқтардың құрбаны болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ақтөбе қаласының тұрғыны акцияларға инвестиция салмақ болып, интернет-алаяқтарға алданып қалған. 

Ер адам Facebook әлеуметтік желісінен инвестициялау, акцияларды сатып алу және сату қызметтері ұсынылған жарнаманы көрген.

Сілтеме арқылы өткеннен кейін оған өзін компанияның аналитигі ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласқан. Алаяқ жоғары табыс табуға уәде беріп, азаматты ақша салуға көндірген. Нәтижесінде жәбірленуші 10 күн ішінде бірнеше транзакция арқылы алаяқтар көрсеткен шотқа ақша аударып, 2 миллион 400 мың теңгеден астам қаржысынан айырылған. Аталған дерек бойынша «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу амалдары қолға алынды, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі. 

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде жүргізуші куәлігін оңай жолмен сатып алмақ болған тұрғындар алаяққа алданып қалған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы