Бүгiн 2026, 10:16 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Face ID, SMS-код, биометрия: Қазақстанда банк қосымшалары қалай өзгереді?

Шілдеден бастап не өзгереді?

Қазақстанда банк қосымшаларына қойылатын қауіпсіздік талаптары күшейтілмек. Енді азаматтар мобильді банкке кіру немесе алғаш рет тіркелу кезінде жеке басын бірнеше тәсіл арқылы растауға міндетті болады. Бұл өзгерістер интернет алаяқтықтың көбеюі мен азаматтардың қаржылық деректерінің таралуына байланысты енгізіліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл өзгерістер интернет алаяқтықтың өршуі мен азаматтардың қаржылық деректерін қорғау қажеттілігінен туындап отыр.

Жаңа талаптарға сәйкес, пайдаланушылар биометриялық сәйкестендіруден, электронды немесе цифрлық қолтаңба арқылы тексеруден өтеді. Кей жағдайда телефон нөмірі мемлекеттік деректер базасы арқылы қосымша расталуы мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, бұл – соңғы жылдары онлайн несие рәсімдеу мен қашықтан қаржылық қызметтердің күрт көбеюіне байланысты қабылданып отырған шара.

Қосымшаға кіру қиындай ма?

Енді банк қосымшасына кіру үшін екі немесе одан да көп қорғаныс деңгейі қолданылуы мүмкін. Мысалы:

  • Face ID мен пароль;
  • SMS-код пен саусақ ізі;
  • биометрия мен PIN-код қатар сұралады.

Яғни бұрынғыдай тек пароль енгізіп кіру жеткіліксіз болуы ықтимал.

Дегенмен мамандар қарапайым қолданушылар бұл өзгерісті қатты сезіне қоймайтынын айтады. Себебі көпфакторлы растау алғаш тіркелу кезінде көбірек қажет болады. Ал кейін жүйе пайдаланушыны автоматты түрде таниды.

Неге мұндай қадамға баруға тура келді?

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда интернет алаяқтық күрт өсті. Әсіресе:

  • жалған қоңыраулар;
  • өзін банк қызметкері ретінде таныстыру;
  • жалған сайттар мен қосымшалар;
  • онлайн несие рәсімдеу;
  • азаматтардың атына бөтен адамның қарыз алуы жиілеген.

Мамандардың сөзінше, көптеген адам өзінің жеке деректерін алаяқтарға байқамай беріп қояды. Кей жағдайда азаматтар SMS-кодты айтып қойғанының өзі жеткілікті.

Сарапшылардың пікірінше, қауіпсіздік жүйесін күшейту мәселесі бұрыннан көтеріліп келген.

Интернет алаяқтық бақылаудан шығып кеткен кезең болды. Егер инновациялық қорғаныс жүйелерін ертерек енгізгенде, біраз жағдайдың алдын алуға болатын еді, – деп түсіндірді «R-Finance» компаниясының экономисі әрі қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.

Банктер енді неге міндеттеледі?

Жаңа талаптар бойынша банктер:

  • қосымшаға кіру әрекеттерін тіркеп отыруы;
  • күмәнді белсенділікті анықтауы;
  • клиент аккаунтындағы күдікті әрекеттерді бақылауы;
  • кибершабуыл туралы реттеуші органға жедел хабар беруі қажет.

Бұл талаптар тек қолданушыларды емес, банк жүйесінің өзін де қорғауға бағытталған.

Қарапайым адам не істеуі керек?

Мамандар қауіпсіздік жүйесі қанша күшейсе де, негізгі жауапкершілік қолданушының өзінде қалатынын ескертеді.

Сондықтан:

  • SMS-кодты ешкімге айтпау;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеу;
  • бейтаныс қосымшаларды жүктемеу;
  • қоғамдық Wi-Fi арқылы банк қосымшасына кірмеу;
  • телефонға пароль орнату маңызды.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа талаптар алғашқы кезде азаматтарға ыңғайсыз көрінуі мүмкін. Бірақ бұл – жеке қаржы мен деректерді қорғаудың қажетті қадамы.

Қазақстан цифрлық қауіпсіздік кезеңіне өте ме?

Соңғы жылдары Қазақстанда цифрлық қызметтер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Онлайн төлем, мобильді аударым, қашықтан несие рәсімдеу – барлығы смартфон арқылы жүзеге асады. Сондықтан ендігі басты мәселе – жылдамдық емес, қауіпсіздік.

Қаржы нарығындағы жаңа өзгерістер Қазақстанның банк жүйесін халықаралық қауіпсіздік стандарттарына жақындатуы мүмкін. Алдағы уақытта биометрия, жасанды интеллект арқылы күмәнді операцияларды анықтау және цифрлық бақылау жүйелері одан әрі күшейе түсуі ықтимал.