Ежелгі стильдегі су қалашығы

Қытайда туристік жерлер өте көп. Соның бірі – ежелгі стильдегі қалалар. Аспан асты еліндегі туристерді тартатын сондай жерлердің бірі - Губэй су қаласы немесе Gubei WaterTown, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытай халықаралық баспасөз орталығының бағдарламасына қатысып жатқан шетелдік журналистер Қытайдың туристік жерлерін аралап, тарихымен танысуды жалғастырып жатыр.

Олар бағдарлама аясында Губэй су қаласында болып, ежелгі қала атмосферасын сезініп көрді.

Су қаласы - Бейжің маңындағы сирек кездесетін ежелгі қала, ол су мен таулы табиғи ландшафттарды біріктіреді. Қаланы аралап жүргенде өзен бойында орналасқан ежелгі стильдегі үйлер көздің жауын алады.

Сұлулықты су үстімен жүріп тамашалағысы келген туристер жалға қайық алып, осы қаланың көшелерімен суда серуендеуге болады.

Қытайда ежелгі қалалардың көбі сақталып қалғанымен, жойылып кеткендері де бар. Ал келетін туристер саны өте көп. Сол себепті қазір елдің түкпір-түкпірінде жаңа ежелгі стильдегі қалалар белсенді түрде салынып жатыр. Губэй су қалашығы - сондай жерлердің бірі. 

Губэй қаласы (Gubei WaterTown) Ұлы Қытай қорғанының етегінде, Пекиннен 150 шақырым жерде Сыматай деп аталатын бөліктің астында салынған. Бұрын қорғанның дәл осы жердегі бөлігі туристерге арналмаған, яғни адам аяқ баспаған жер болатын. Алайда қазір бұл жерден қымбат туристік курорт жасалды.

Курорт 2014 жылы ашылған. Бұған дейін оның орнында ауыл болған. Және ол жерде адамдар тұрған. Бірақ кейін ескі қаланы туристік жерге айналдыру үшін тұрғындар үйлерін босатып, басқа ауылға көшкен. Ол ауыл Губэйден бірнеше шақырым жерден жаңадан салынған.

Ежелгі Губэй қаласына кіру үшін алдымен қала қорғанынан өту керек. Бұл туристік жер болғандықтан кіру ақылы. Билет құны шамамен 180 юань (шамамен 12 мың теңге).

Қазір күз мезгілі болғандықтан қала түрлі түске енген. 

Губэй су қалашығы шетелдік туристерге де арналған жер. Десе де жергілікті туристердің көптеп келетінін байқадық.

Қытайда әлі де эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда болғандықтан кез келген келуші алдымен ғимарат алдындағы QR-кодты сканерлейді. «Жасыл мәртебесі» бар қонақтар еш қиындықсыз өтеді.

Қаладағы ғимараттар бір түсті. Барлығы дерлік күлгін түстен жасалған. Қаланың сәнін Қытай дәстүрлі стиліндегі түрлі түсті шамдар, түрлі түске боялған жапырақтардың күзгі көрінісі келтіріп тұр.

Бұл Губэй су қалашығы Қытай Венециясы секілді. Мұнда да су үстімен жүру үшін қайық жалға алуға болады. Шамамен 200-300 юань тұрады.

Одан бөлек қала ішіндегі туристік автобуспен де оны аралауға болады. Ол қайықты алғаннан біршама арзан. 

Қытайда кез келген ежелгі қалада биік пагода болуы керек. Губэй су қалашығында да сондай биік ғимарат бар.

Губэй қаласында Қытайдың бірнеше дәстүрлі кезеңдерінің сәулеті ұсынылған. Бұл негізінен Мин және Цин әулеттері.

Қаланы аралап жүріп, көше бойында орналасқан Қытай асханасынан дәм татып, дүкеншіктерден естелікке сыйлықтар алуға болады.

Айта кетейік, Қытай халықаралық баспасөз орталығының бағдарламасына қазақстандық екі журналист қатысып жатыр. Бұл бағдарлама елдер арасындағы мәдени ынтымақтастық байланысын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған. Оған қоса биыл Қазақстан мен Қытай дипломатиялық байланыстардың 30 жылдығын атап өтіп жатыр.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин пандемиядан кейінгі алғашқы сапарын Қазақстанға жасаған болатын. Осы кездесуде елдеріміздің басшылары медиа саласында да ынтымақтастық орнату туралы мәмілеге келген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы