EXPO-2017 кейін климаттық фронтымыз "батыл" әрекетсіз қалып отыр – Салтанат Рақымбекова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бойынша әлемдік рейтингте 2016 жылы 46-орында, 2017 жылы 65-орында, 2018 жылы 77-орында болды. Алға жылжу үшін азаматтық қоғамның қатысуы маңызды. Оның үстіне тұрақты даму мақсаттарының 80% еліміздің стратегиялық бағдарламасында интеграцияланған. Әзірге Тұрақты даму мақсаттарының барлығын іске асыруда Қазақстан 2019 жылы 77-орын алды. 2018 жылы 72, 2016 жылы 46-орында болған. Еліміз Тәжікстан, Әзербайжан, Украина, Қырғызстан, Ресей, Грузия, Армения, Өзбекстанға жол беріп, бұрынғы Совет одағы құрамында болған елдерден тек Түрікменстаннан (101-орын) озды.

Қазақстан-2050 стратегиясына сәйкес, Қазақстан 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін 2030 жылға дейін ТДМ алғашқы 40 елінің тізіміне кіру керек. Мысалға, Қазақстан жаһандық киберқауіпсіздік индексінде 40-орында тұр.

Мұндай пікірді э.ғ.д., "Жасыл" экономика және G-Global дамыту коалициясы" ЗТБ басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы "жасыл" экономика көшу кеңесінің мүшесі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рақымбекова Салтанат Темірқұловна сұхбат барысында айтты.

Қазақстандағы экологиялық жағдай туралы айтып берсеңіз. Біз қай бағыттарда артта қалдық, ал қай салада жақсы нәтиже бар?

Еліміздің жалпы экологиялық жағдайын экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 2019 жылдың 22 желтоқсанында Үкімет отырысында айтып берген болатын. Мен соны толықтырып кетсем деймін.

Біз климат жөніндегі Париж келісімін іске асыру саласында артта қалып келеміз. Әлі күнге дейін ұлттық климаттық стратегия әзірленбеді және қабылданбады. Экспо-2017 өткеннен кейін біздің климаттық фронтымыз «батыл» әрекетсіз қалып отыр. Тіпті өзіміздікі деп ешқандай жетістікті атап көрсете алмаймыз.

Қазақстан бұған дейін ілеспе мұнай газды жағатын алғашқы он елдің қатарына кіретін. Жыл сайын жанатын ілеспе мұнай газ көлемінен келетін нақты шығын 2,5-3 млрд долларды құрайды.

Ал қазір Қазақстан ілеспе мұнай газының жанғанын азайтудан көш бастап тұр. 2014-2018 жылдар аралығында жағу көлемі 49% төмендеді. Дүниежүзілік банктің деректеріне қарағанда, Қазақстан соңғы жылдары әлем бойынша басқа елдермен салыстырғанда ілеспе газды факелді жағу көлемін (−1,9 млрд куб. м) ең көп төмендеткен ел болып отыр. Мұны ілеспе газды өңдейтін жаңа кешенді салу арқылы іске асырып отыр.

2014-2018 жылдар аралығында Қазақстан ілеспе газды жағатын елдердің рейтингінде 10-орыннан 16-орынға жылжыды. 2015 жылы Қазақстан ілеспе мұнай газды факелді жағуға қарсы халықаралық бастамаға қосылды. Бұл бастаманы Дүниежүзілік банк БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен алға тартқан болатын.

Содан соң 2019 жылы елімізде кезеңмен тұрмыстық қатты қалдықтарды бөліп жинауға көшу басталды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен бірге тұрмыстық қатты қалдықтарды заманауи кәдеге жарату және өңдеу бойынша кешенді шараларды әзірледі. Бұған шағын және орта бизнес субъектілерін де тартты. Енді соған сәйкес қалдықтарды өңдеу 2030 жылға қарай 40% және 2050 жылға қарай 50% көтерілу керек. Айтпақшы, 017 жылдан бастап өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің аясында пластик, полиэтилен, картон, қағаз, әйнек және металды – қалдықтарды жинау мен өңдеу қаржыландырылады.

Қазақстан үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің төмен деңгейі үлкен проблема болып отыр. Бар болғаны 14% ғана өңделеді. Тарифтері төмен болған соң инвесторлар үшін де тартымды сала емес.

2019 жылдан бастап пласмасса, макулатура, картон, қағаз, әйнек қалдықтарын көмуге тыйым салынды. Бірақ бұл тыйым тек құжат жүзінде қалып отыр. Қолға алынған механизм іске аспай келеді. Себебі аймақтарда тиісті инфрақұрылым жоқ, қалдықтарды өңдейтін жаңа технологияларды енгізуді қолдайтын жүйе, қалдықтарды бөліп жинайтын стимул жоқ.

Қазір ашық экологиялық автоматтандырылған онлайн-мониторинг енгізу қолға алынды. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ біз экологиялық қауіп-қатерлер болжамынан әлдеқайда артта қалып келеміз.

Себебі аласа тау, әсіресе шекарааралық өзендердің проблемалары күрделеніп барады. Іле, Ертіс, Сырдария, Амудария және т.б. су құятын тау мұздары ерісе, шөлге, тұздың артуына, судың азаюына, ауыл шаруашылығының, балық шаруашылығының және т.б. қирауына әкеп соғады. Біз өзіміздің болашағымызды ойлаймыз ба? деген сұрақ туындайды.

Әлемдік экологтардың қазіргі "жасыл экономкаға" қосып жатқан үлесі туралы не айта аласыз? Әлемдік тенденцияда қандай бағыттар басым?

Қазір әлемдік жаңа "жасыл" салалар құрылып жатыр және олар қарқынды дамып келеді. Олардың қатарында жаңартылған энергия көздері, биоэнергетика, мұнай өндіруде ілеспе газды кәдеге жарату, экологиялық туризм, органикалық ауыл шаруашылығы, климаттың өзгеруіне бейім өсімдік шаруашылығы, "жасыл" құрылыс, пневмотранспорт, микроГЭС және т.б. бар. Осы аталғандар экологиялық брендпен және рейтингпен бағалы. Сонымен қатар "жасыл" тауарларға сұраныс артып келеді.

Бүгінде бізге әлемдік алдыңғы қатардағы үкіметаралық ұйымдар – БҰҰ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік банк және т.б. көмектесуге дайын.

2013 жылдың басында БҰҰ-ның бес агенттігі – БҰҰ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі UNEP бағдарламасы, МОТ Халықаралық еңбек ұйымы, БҰҰ UNDP Даму бағдарламасы, БҰҰ UNIDO өндірісті дамыту бағдарламасы және БҰҰ (ЮНИТАР) Оқу және ғылыми-зерттеу институты бірлесе, PAGE жасыл экономика бойынша серіктестік PAGE (https://www.un-page.org/) туралы жариялады. Мұны "Rio + 20" үндеуіне жауап ретінде жасыл және инклюзивті даму жолымен жүргісі келетін елдерді қолдау үшін жасады.

PAGE жобасы серіктестікке мүше елдерге экологиялық таза технологияларды құру, тиімді инфрақұрылымды дамыту және "жасыл" мамандықтарды даярлау үшін күш салу мен инвестицины шоғырландыруға көмектеседі. Қазір Серіктестік елдердегі Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға, әсіресе 8-мақсатты "Тұрақты, инклюзивті және тұрақты экономикалық өсімге, толық және өнімді еңбекпен және лайықты жұмыспен қамтуға әрекеттестік етуге" айрықша назар аударып отыр.

Сондай-ақ 2015 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте Тұрақты даму бойынша өткен саммитте БҰҰ таза және экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалану мүддесінде технологияларды беруге әрекеттестік механизмін бекітті.

Ал, "Жасыл экономика және G-Global дамыту коалициясы" 14 желтоқсанда Брюсселде ЕуроОдақ саммитіндегі Green Deal қабылдау туралы шешімін жасыл қауымдастық ретінде қолдайды. Green Deal Еуропа үшін "жасыл" экономика және тұрақты даму принциптерінде жаңа экологиялық және климаттық стратегия болып қабылданды. Бүгінде бұл тарихтағы ең танымал әрі ауқымды халықаралық экологиялық бастамалардың бірі болып отыр. Оның үстіне бұл идеяны Еурокомиссия төрағасына үміткер болған Урсула фон дер Ляйен ұсынды. Урсула осы лауазымда тарихтағы алғашқы әйел болды. Оның бастамасына көптеген реформа, заңнамалық өзгерістер және әлеуметтік инновациялар кіреді.

Ал, 2019 жылы желтоқсанда Еуропалық жасыл курс Еуропа қалай 2050 жылға дейін алғашқы өз алдына бөлек климаттық контенент бола алатынын анықтады. Олар экономиканы дамытып, адамдардың денсаулығын және өмір сүру деңгейін жақсартып, табиғатты қорғап және ешкімді артта қалдырмай осы мақсатқа жете алатынын жеткізді.

Яғни, айта берсек өте көп. Ғаламдық масштабты атқарылып жатқан жұмыстар мен құжаттар жетерлік. Сондай-ақ соған сәйкес қаражатта бөлініп жатыр.

Әлемдік тенденция жаңа "жасыл" технологиялық жолға көшуді және экологиялық инновацияларды қолдауды ынталандыру үшін жаңа қаржы құралдарын құру бағытында дамып жатыр. Жаһандық және еларалық экожүйе қызметтерін, ең алдымен трансшекаралық су бассейндерді, теңіздер және өзендер, Арктика мен Антарктиданы, БҰҰ "Мұхиттар туралы келісімін" дамыту көзделген.

Сондай-ақ БҰҰ "Ұлы жасыл технологиялық трансформацияны": "World Economic and Social Survey 2011. The Great Green Technological Transformation Overview" жүзеге асыруға шақырады. Мен Еуропалық "Жасыл курс" қазіргі ең ірі жобалардың бірі "Бір белдеу, бір жолдың" экологиялық болуына ықпал еткенін қалар едім. Азия мен Еуропаның жасыл экономикаға көшуі үшін ынтымақтастық жүргізетін "Жасыл көпір" серіктестік бағдарламасы Қытайдың жасыл реформалары Еуропалық бастамалармен біріккенін қалаймын.

Енді елдегі және әлемдік экологиялық ахуалмен күрес бағдарламасын білдік. Сіздің Коалиция БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруда атқарып жатқан жобалары туралы айтып берсеңіз.

Қазақстан БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бойынша әлемдік рейтингте 2016 жылы 46-орында, 2017 жылы 65-орында, 2018 жылы 77-орында болды.

Алға жылжу үшін азаматтық қоғамның қатысуы маңызды. Оның үстіне Тұрақты даму мақсаттарының 80% еліміздің стратегиялық бағдарламасында интеграцияланған. Сондықтан өткен жылдан бастап "Жасыл" экономика коалициясы (Коалиция – авт.) өз қызметін ТДМ басымдықтарына қарай үйлестірді. Тағы 17 мақсаттың 15-і жасыл экономикамен байланысты болған соң біз сырт айналып кете алмаймыз.

Қазақстанда ТДМ-2030 насихаттау мақсатында 2019 жылдың шілдесінен бастап ТДМ жетуге тұрғындарды барынша қамту үшін Коалиция Халықаралық G-Global секретариатымен, "Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағымен", "Expo&Women" және Волонтерлар альянсымен бірлесе, азаматтық бастамалар мен тәжірибелерді қолдау үшін "Қазақстанда ТДМ-2030 қоғамдық институты" жобасын бастадық. Бұл ТДМ үшін елдегі азаматтық қоғамның алғашқы ауқымды бастамасы болып отыр. Оның мақсаты – ТДМ 17 мақсаты мен 230 индикаторына қол жеткізуге көмектесетін жеке және заңды тұлғалардың үздік бастамаларын анықтау және танылуына қолдау көрсету, қоғам назарын аударған үздік жобаларға қаржы, инвесторларды және демеушілерді тарту.

Сондай-ақ барлық 17 мақсат бойынша ауыл әйелдері мен жастарының арасынан ТДМ көшбасшылары анықталды. 14 облыстағы ауыл әйелдерінің ішінен кедейлікпен күрес, климаттың өзгеруі, теңсіздікпен күрес және т.б. үлес қосып жатқан лайықты лидерлерді таптық. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері арасында 5 аталым бойынша республикалық конкурс өткіздік. Бұл конкурс биыл да өтеді. ТДМ туралы ақпарат таратқан журналистер жүлделі болады.

Тағы өткен жылы Коалиция әйелдер мен жастар арасында ТДМ Елшілерінің институтын құра бастады. Олардың міндеті – ТДМ-ның жаһандық және ұлттық бастамаларын насихаттау, жарияланатын жобалардың тарауына және ілгерілуіне ықпал ету. ТДМ Елшілерімен БҰҰ Ерікті елшілері секілді келісімге қол қойылды. ТДМ белсенділері мен елшілерін, ТДМ жобаларының сарапшыларын оқыту үшін Эко-коучинг жобасын ұйымдастырдық. Біз онда ТДМ жобаларына үлес қосуды бағалауды үйретеміз.

2020 жылдың қаңтарында жастар арасында ТДМ-2030 Көшбасшылары аталымына конкурс жарияладық. Қатысу үшін 17 сәуірге дейін өтінім қабылданады. 17 мамырға дейін әңгімелесу болады. Ал жеңген жобаны 2020 жылдың 5 маусымынан 2021 жылдың 5 маусымына дейін іске асыруға болады.

Яғни жаңа көшбасшыларды анықтау үшін қазір біз республикалық екі конкус жариялап отырмыз. Олар туралы www.agrowomen.org және www.expo2017-volunteer.org сайттарынан, сондай-ақ ТДМ қоғамдық институтының аккаунтынан толығырақ танысуға болады.

Жақында ғана жақсы жаңалық болды. Әсел Баймұқанова деген жас эколог ғалым бар. Ол Каспий итбалықтарын қорғаумен айналысады. Біз оны ТДМ 14-мақсаты «Теңіз экожүйесін сақтау» бойынша көшбасшы деп атадық. Содан соң Нью-Йоркте өтетін Жаһандық экологиялық конференцияға қатысу үшін кандидатурасын ұсындық. Кандидатурасы расталды. Енді ол әлемдік масштабтағы конференцияға қатасады.

Осы және басқа да көп мысал біздің Қоғамдық институтымыздың Қазақстандағы ТДМ-2030 іске асырылып жатқанына куә бола алады. Алдағы уақытқа жоспарларымыз көп және біз көшбасшыларын әлемдік деңгейде насихаттауды мақсат етіп отырмыз.

Білуімше, Үкімет тарапынан Коалицияға қаражат бөлінбейді. Қандай ұйым қаржылай қолдау көрсетеді?

Біздің бәсекелестеріміз көп. Дегенмен креатив және үлкен қоғамдық белсенділігіміздің арқасында халықаралық ұйымдардың гранттарын жеңіп аламыз, үлкен рейтингтерді қолдаймыз.

ТДМ бойынша еліміздің заңнамасына өзгерістер енгізілді ме? Иә, болса, қандай және Сіздің ұйым қалай ықпал ете алды?

Негізі ауыл әйелдерін жасыл экономикаға тартуды 2013 жылы бастадық. Әсіресе, 2015 жылы Арнасайдағы Жасыл технологиялар орталығы ашылды және Коалицияның «егізін» Expo&Women халықаралық ұйымы құрылған соң әйелдерді қолдау жандана түсті. Қазақстандағы экологияның басты қозғалысы, бүкіл әлемдегідей әйелдер болды. Сосын ауылды қайта жандандыру тек жасыл экономика негізінде іске асады. Бір жағынан ауылдық жердегі экожүйе мәселесі ауыл тұрғындарының ықпалымен іске асады ғой. Сондықтан қалай болғанда ауыл сырт қалмайтынын білген соң тұрақты ауыл үшін ауыл әйелдерінің қозғалысын құру идеясы туындады. Бұған тағы ТДМ үшін жаңа жаһандық қозғалысы да әсер етті. 

2030 жылға дейін ТДМ толық орындау мүмкін бе?

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш 2019 жылдың 26 сәуірінде Бейжіңде "Бір белдеу, бір жол" форумында баяндамасында қазіргі тенденциялар арқылы 2030 жылға дейін қойылған мақсаттардың тек жартысын орындау мүмкін екенін айтты.

SDSN және Bertelsmann Stiftung қорының мамандарының бағалауынша, өкінішке қарай, әлемдегі бірде-бір ел 2030 жылға дейін барлық мақсатқа қол жеткізе алмайды.

Әзірге Тұрақты даму мақсаттарының барлығын іске асыруда Қазақстан 2019 жылы 77-орын алды. 2018 жылы 72, 2016 жылы 46-орында болған. Еліміз Тәжікстан, Әзербайжан, Украина, Қырғызстан, Ресей, Грузия, Армения, Өзбекстанға жол беріп, бұрынғы Совет одағы құрамында болған елдерден тек Түрікменстаннан (101-орын) озды.

Қазақстан-2050 стратегиясына сәйкес, Қазақстан 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін 2030 жылға дейін ТДМ алғашқы 40 елінің тізіміне кіру керек. Мысалға, Қазақстан жаһандық киберқауіпсіздік индексінде 40-орында тұр.

Жоғарыдағы артта қалуымыз негізінен экологиялық факторлармен, ресурстар тиімділігінің төмендігімен, инновацияларды меңгеру деңгейінің төмендігімен, экономиканың шикізатқа бағытталуымен байланысты болып отыр. Қазақстан Жаһандық инновациялық индексте 2019 жылы 79-орында тұр. 2017 жылдан бері бес пунктке төмендеді. 2018 жылы инновацияларды өткізу үшін ресурстар мен жағдайлар индексінде 64-орында және инновацияларды енгізу арқылы қол жеткізген нәтижелер индексінде 92-орында болды.

Біздің елімізде жанармай жаққанда және электр энергиясын тұтынғанда көмірқышқыл газы көп бөлінеді және күкіртті газдың өндірістік шығындары жан басына шаққанда 155 килограмнан келеді.

Тек Қазақстан Белорусь Республикасы секілді БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының екеуін – 1-мақсатын "Кедейлікті жоюды" және 10-мақсатын "Теңсіздікті жоюды" (Джини индесі 0.263) орындады.

2019 жылы Қазақстан бизнес ортаны жүзеге асыруда Doing Business рейтингінде 3 сатыға жоғарылап, 25-орын алды және Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 4 сатыға көтеріліп, 55-орынға жылжыды.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы