Exit-poll қызметі. Шымкенттегі №93 референдум учаскесіндегі жағдай
Шымкент , BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте жалпыхалықтық референдумда дауыс беру құқығына ие 631 133 адам тіркелген.
Олар қаладағы 311 референдум учаскесіне бөлініпті. Кейбір референдум учаскесінде Exit-poll сұхбатшылары жүр. Олардың бір – Мәдина Байтикова. «Қоғамдық пікір» институтының сұхбатшысы Шымкент медицина колледжінде орналасқан №93 референдум учаскесінің сыртында сауалнама жүргізіпті.
Мәдина Байтикованың айтуынша, референдум учаскелерінен шыққан адамдарға негізінен бір сауал: «Конституциялық өзгерістерді қолдадыңыз ба әлде қарсы дауыс бердіңіз бе?» деген сұрақ қойылады екен. Респонденттер жауап беруіне де, жауаптан бас тартуына да болады.
Респонденттердің жауабы қатаң құпия сақталады. Біз еліміздің заңнамасы бойынша, сауалнаманы референдум учаскесінің аумағынан тыс жерде жүргіземіз. Учаске аумағында сауалнама жүргізуге тыйым салынады. Ал сауалнама алаңы қалай дайындалады дегенге келсек, институтымыздың әдіскері аймақтағы супервайзерге учаскелердің тізімін береді. Сосын супервайзерлер учаскелерді сұхбатшыларға бөліп береді. Негізгі сауалды қойып, респонденттердің жасы, жынысы мен ұлтын жазып аламыз, – деді Мәдина Байтикова.
Респонденттердің сауалнамаға қатысуы ерікті екен.
Егер сауалнамаға қатысудан бас тартса, жауап берудер бас тартқанын тіркеп, тағы басқа сайлаушыларды күтеміз. Сауалнаманы респонденттің қалауы бойынша, қазақ не орыс тілдерінде жүргіземіз, – деді ол.
Оның айтуынша, №93 референдум учаскесіне түрлі жастағы адамдар келіп жатыр екен. Сауалнама алуға болатын респонденттердің жасына шектеу жоқ.
Елімізде 18 жасқа толған және содан асқан азаматтардың дауыс беруге құқы бар. Ал сауалнамаға қатысатын респонденттерді таңдау әдістемесі бар. Сол бойынша таңдаймыз, – деді сұхбатшы.
Кейде бір учаскеде бірнеше ұйымның сұхбатшылары жүреді. Бұл қалыпты жағдай екен.
Өйткені экзитполлды бірнеге ұйым жүргізуі мүмкін. Біздің «Қоғамдық пікір» ұйымы республика бойынша сауалнама жүргізеді. Сауалнама нәтижесін бүгін түнде, яғни 6 маусымға қараған түні сағат 00:00-де жариялайды, – дейді Мәдина Байтикова.
Айта кетейік, Шымкенттегі №93 референдум учаскесінде 1910 адам тіркелген.
Бұл №93 референдум учаскесі. Таңғы сағат 7-де референдумға дауыс беру басталды. Таңертең тұрғындардың қарқыны жоғары болды. Белсенділік танытты. Қазір сағат 13:00-дегі жағдай бойынша, жобамен алғанда дауыс бергендер саны 40%-ға жуықтады. №93 референдум учаскесіне тіркелген тізімдегі тұрғындар саны – 1910 адам.
Келіп жатқандардың көбі – жастар. Басқа қаладан да отбасымен екі адам келді. Студенттер қарқынды дауыс берді. Таңертең ерте 18 жасқа енді толған жастар келіп жатты. Оларға алғаш рет дауыс беріп жатқан соң сый-сияпат бердік. Қарт кісілер келді. Оларға да жастарын ескеріп, сый-сияпат бердік. Жас отбасыларға да сый-сияпат ұйымдастырдық. Таңғы сағат 7:00 болмай келіп, ашылғанын күтіп тұрған 4 азаматқа сый-сияпат бердік. «Бәйтерек» қоғамдық ұйымынан бір байқаушы келіп отыр, – деді
№93 референдум учаскесінің комиссия төрағасы Гүлмира Дәрібаева.