Exit poll қызметі: павлодарлықтардың белсенділігі байқалады
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде референдум күні 528 учаскелік комиссия жұмыс істеп жатыр. Дауыс беру орындары ашылысымен еxit-poll қызметі де іске қосылды.
Қызмет өкілдерінің айтуынша, конституциялық реформа бойынша таңдау жасауға келген халықтың белсенділігі жоғары. Әсіресе, таңертең дауыс берушілер кезекте тұрып, таңдау жасаған.
Мен «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілімін. Еxit-pool қызметін төртінші рет атқарып отырмын. Біз дауыс берушілерге «Констицияға өзгертулер енгізуді қолдаусыз ба?» деген сұрақ қоямыз. Сонымен қатар, жынысы, жасы, ұлты, жұмысы туралы ақпарат сұраймыз. Осындай сұрақтар арқылы әлеуметтік зерттеу жүргіземіз. Бұл мәліметтердің барлығы құпия түрінде сақталады. Учаскелерге келген азаматтардың көбі жұмысымызға түсіністікпен қарап, жауап беріп жатыр, - дейді еxit-pool қызметінің өкілі Гаухар Күшпесова.
Айта кетейік, әлеуметтік сауалнама жүргізетін мамандардың барлығы бір апталық курстан өткен. Олар конституциялық реформа, өзгерту енгізілетін баптар, сауалнама жүргізу әдістемесі бойынша білімдерін молайтты.
Жергілікті комиссиялардың мәліметінше, өңір бойынша 528, ал Павлодар қаласында 136 учаскелік комиссия ашық. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз дауыс беру үшін қолайлы жағдай жасалған. Бас-аяғы 512 мың 794 тұрғын бүгін өз таңдауын жасауы тиіс. Учаскелергі елден бұрын келген азаматтар үшін шағын сыйлықтар қарастырылған.