«Евровидение-2021» жеңімпазы анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Роттердамда өткен «Евровидение-2021» халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды.
Итальяндық Maneskin тобы халықаралық музыкалық доданың жеңімпазы атанды. Олар Zitti e Buoni әнін орындады.
Көрермендер мен әділ қазылар алқасының дауыс беру нәтижесінде музыкалық ұжым 524 балл жинаған. Ресейдің атынан барған әнші Манижа 204 балл жинап, 9-орынға тұрақтады.
Айта кетейік, Maneskin тобы 2015 жылы құрылды. Оның атауы даттың «ай нұры» сөзінен пайда болып, топтың бас гитарисі Виктория Де Анжелистің еліне құрмет көрсету мақсатында қойылған екен.
Жеңімпаз топ түрлі жанрдағы әнді орындайды: рок, рэп, регги, фанк, поп.
Бұл ретте Италияның халықаралық конкурста үшінші рет жеңімпаз атанғанын айта кету керек. 1964 жылы аталған конкурста Джиньола Чинкветти жеңсе, 1990 жылы атақты Тото Кутуньо бірінші орынды еншілеген болатын.
Пандемия салдарынан 2020 жылы өтпей қалған Евровидение додасы 18-22 мамыр аралығында Роттердамның Ahoy аренасында өтті.