Жамбылда тыңайтқыш зауытының құрылысына 1 млрд доллар инвестиция салынады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының, сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша берген тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету аясында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды.
Сарысу ауданының Жаңатас қаласында Үкімет басшысының қатысуымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі мен әлемдегі жетекші минералды тыңайтқыштарды өндірушілердің бірі "ЕвроХим" МХК» АҚ арасында минералды тыңайтқыштарды шығаратын зауытты салу және пайдалануға беру туралы инвестициялық келісімге қол қойылды.
Жобаға инвестициялар көлемі шамамен $1 млрд құрайды, зауыттың қуаттылығы — жылына 1 млн тонна тыңайтқыш. Ресурстық базасы Қаратау фосфорлы бассейнінің кен орны болады. Өндіріс технологиясы қоршаған ортаға барынша аз әсер ете отырып, яғни, фосфогипс қалдықтарынсыз жоғары сапалы фосфорлы және кешенді тыңайтқыштар шығаруға мүмкіндік береді.
Бір мезетте жылына 120 мың тоннаға жуық кальций хлориді мен кемінде 400 мың тонна дигидрат гипсі өндірілетін болады, бұл автожол, мұнай-газ өндіру, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының қажеттіліктерін өтейді.
Кәсіпорынды 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланған, 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Премьер-Министр құны 50 млрд теңге болатын Жаңатас жел электр станциясының құрылысы жобасымен танысты. Бірінші кезеңде оның қуаттылығы 100 МВт құрайды, екінші кезеңде 200 МВт болады. Қазіргі уақытта 19 жел генераторы орнатылды, 2020 жылдың бірінші тоқсанында олардың саны 40-қа дейін жеткізіледі.
Үкімет басшысына 2020-2022 жылдары салынатын Qazaqsoda ЖШС кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт құрылысына дайындық барысы туралы баяндалды. Yildirim Group түрік компаниясының жобаға салатын инвестициялар көлемі 127 млрд теңгеге жуықты құрайды. Кәсіпорын бірінші кезеңде жылына 400 мың тонна өнім шығаратын болады, перспективада өндіріс көлемін жылына 1 млн тоннаға дейін арттырмақ.
Тараз қаласында Асқар Мамин өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі - "Қазфосфат" ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытын аралады. Жыл басынан бері зауыт 142 млрд теңге сомасына өнім шығарды, бұл өнімдер негізінен ішкі нарыққа шығарылды және Ресей, Қытай, АҚШ, Германия, БАӘ елдеріне ішінара экспортталды.
Премьер-министр "Сәуле" кондитерлік фабрикасының 3-ші өндірістік желісінің іске қосылуына қатысты, кәсіпорын қосымша 70 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы сонымен қатар биыл 25 желтоқсан күні Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ашылған, "Көне Тараз" тарихи-этномәдени кешені жанындағы Облыстық тарихи-өлкетану музейіне және Көркемөнер галереясына барды.
Биылғы 11 айда Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібінің көлемі — 319,5 млрд теңгені (+7%), негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 250,1 млрд теңгені (+10,5%) құрады. Іске асырылу кезеңі 2020 жылдан 2025 жыл аралығын қамтитын, 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құрумен 2,7 трлн теңге сомасына 66 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды.