Нұр-Сұлтанда ІV Евразиялық Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Елордадағы «Көрме» көрме орталығында «Eurasian Book Fair–2019» ІV Евразиялық Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды.
«Көрменің негізгі басымдықтары – Ұлы Дала кітап мұрасын насихаттау, қазақ жазба тарихына, кітап ескерткіштеріне және елдің мәдени мұрасына назар аударту, сондай-ақ, сирек және құнды кітаптармен танысу мүмкіндігін ұйымдастыру. Ұлттық академиялық кітапхана қорындағы кітапхананың сирек, бағалы кітаптары мен қолжазбалар қорын қала қонақтары мен тұрғындарына ұсыну. Тарихи және мәдени маңызы бар, ғылыми құндылығы ашуға мүмкіндік беретін кітаптармен таныстыру» - дейді көрмені ұйымдастырушылар.
Көрмеге ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сирек кездесетін кітаптардың жинағы (1-ші андропедермикалық байланыстыратын қолжазбаның көшірмесі (1532), Эдуардо Каннето қорынан сыйға берілген қолжазбалар және т.б.), әртүрлі форматтардағы Құрандардың жинағы, 3-сі Абайдың бірінші баспа кітабы (1909), әртүрлі форматтағы 4-ші бірегей кітаптар (шағын кітаптар, алып кітаптар, бамук кітаптар, жібек кітаптар және т.б.). қойылады. Шағын ақпараттар алу үшін кітап коллекцилары жайында шағын видеоматериалдар, буклеттер беріледі.
"Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін өткізудің басты мақсаты – кітапты насихаттау, қатысушылардың әдеби мұрасын дамыту, оқырман мәдениетін қалыптастыру", – деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Көрмеге 13 мемлекеттен 90 компания қатысып жатыр. Оның ішінде Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан, Түркия, Қытай, Иран, Польша, Бельгия, Латвия, Украина, Өзбекстан бар.
Сондай-ақ, кітап көрмесіне Қазақстанның «Алматыкітап», «Атамұра», «Мектеп», «Қазақ энциклопедиясы», Ресейдің «Белый город», «Розовый жираф», «Универсалист», «Манн, Иванов и Фербер», «Самокат», «Кожаная мозаика» және өзге де мемлекеттердің жетекші баспалары қатысады.
«Muqaba» баспасын ашқанымызға бір жарым жыл болды. Бірақ осы кітап жәрмеңкесіне бірінші рет баспа ретінде қатысып отырмыз. Былтыр, алдыңғы жылдары өзім қатысушы ретінде келіп, бастан-аяқ жүргенмін. Кітапқұмар кез келген адам үшін бұндай шара мерекедей сезіледі деп ойлаймын. Расында да мереке емес пе?» - дейді «Muqaba» баспасының басшысы Арман Әлмембет.
Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – кітапты насихаттау, қолдау, қатысушы елдердің әдебиет мұрасын дамыту, оқырман мәдениетін қалыптастыру.
Көрме қатысушылары 150-ден астам шара мен кітап тұсаукесерлері, таныстырылымдар, келіссөздер өтеді. Сондай-ақ, 4 күнге жалғасатын шара барысында авторлармен, суретшілермен, полиграфистермен кездесулер болады.
Бүгінгі алғашқы күннің өзінде бірнеше кітаптың тұсаукесер-таныстырылымы өтті.
Атап айтар болсақ, ақын, ҚР Жазушылар Одағының басшысы Ұлықбек Есдәулеттің «Біз дағы ғашық болғанбыз»;
Ғалым, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың «Шәкерім», т.б. ктаптар оқырманға жол тартты.
Сонымен қатар, Түрік академиясының тапсырысымен қырғыз тілінен аударылған бірнеше кітаптың таныстырылымы болды.