Эвакуациялық пунктердегі қоғамдық штабтар қалай жұмыс істеп жатыр

Су тасқыны болған аймақтардығы қоғамдық штаб құрамы халықпен тығыз байланыс орнатып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, тасқын салдарын қалпына келтіру бойынша еліміздің барлық өңірінде эвакуациялық пункттерде қоғамдық штабтар жұмысын жүргізуді тапсырған болатын.

Үкімет пен әкімдіктер зардап шеккен адамдарды орналастыру, оларға қажетті көмек беру мәселелерін тез арада шешуге тиіс. Қазір бұл жұмыстар атқарылып жатыр. Эвакуациялық пункттердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау керек. Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету пункттерін жедел ұйымдастыру қажет. Айтпақшы, жоғалған құжаттар да проблема болады. Адамдар үйлерін асығыс тастап кетті. Құжаттарын қалпына келтіруге көмектесу керек. Жағдай өте күрделі аудандарда қоғамдық штабтар орналастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілсін, – деді Президент.

Осыдан соң су тасқыны болған аймақтарда эвакуациялық пункттер құрылып, күні бүгінге дейін тұрғындарға тегін кеңес беріп отыр.

Қоғамдық штабтың негізгі мақсаты – су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұрғындарды атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, кең көлемде ақпарат беру.

Қоғамдық штаб құрамына – заңгерлерден, дәрігерлер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен кәсіпкерлер бар.

Батыс Қазақстан облысында 10 қоғамдық штаб жұмыс істеп жатыр

Бүгінде жоғарыдағыдай мақсатта Батыс Қазақстан облысында 10 қоғамдық штаб жұмыс істеп тұр. Оның төртеуі Орал қаласында, ал қалғаны Бөрлі, Сырым, Бәйтерек сынды аудандарда орналасқан. Түрлі саладан құралған мамандар онда тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр. Көмекке жүгінгендердің басым бөлігі баспанасы суда қалған тұрғындар екенін айтады.

Жылыой ауданының Қоғамдық штаб төрағасы Ерқұл Дәулетбаев ТЖ кезіндегі халыққа көрсетіліп жатқан қызмет туралы айтып берді.

Төтенше жағдай режимін пайдаланып, түрлі арандатушы деструктивті адамдар бастады. Қоғамдық штаб қиын кезеңде елдің бірлігін сақтау және халыққа дұрыс ақпарат беру мақсатында құрылды. Соңғы екі аптада 3000-нан астам адамды қабылдап, кеңес бердік, - деді Ерқұл Дәулетбаев.

Қоғамдық штаб гуманитарлық көмекті төрт пункт арқылы таратуды, дәрі-дәрмекті сырқат адамдарға медициналық қызметкер арқылы жеткізіп отыру мәселесін де жолға қойған.

СҚО-дағы штаб мүшелері әлеуметтік мәселелер бойынша 6 мыңға жуық адамға кеңес берді

Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық штабтар құрылды, олардың қызметі халық арасында коммуникациялық және су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Штабтың толық жұмысы туралы штаб мүшесі Айгүл Мұратова толық айтқан болатын.

Штабтағы адамдар саны 146 адам. Оның құрамына әкімдіктердің қызметкерлері, депутаттардың және қоғам өкілдері кіреді. Оның айтуынша штабтың міндеттеріне эвакуациялық пункттерге бару және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқықтарды түсіндіру бойынша халықпен жұмыс істеу, сұрақтар мен ұсыныстарды жинау, мемлекеттік органдар мен халық арасында кері байланысты қамтамасыз ету, гуманитарлық көмекті үйлестіру және бөлу, волонтерлік топтарды үйлестіру кіреді, - деді.

Ал соңғы мәліметтерге сәйкес қоғамдық штаб мүшесі Арман Бердағұлов бұл ақпаратты былайша толықтырады:

Қазіргі уақытта 120-дан астам кездесу өткізіліп, 6 мыңнан аса азаматқа түсініктеме берілді, - деді Арман.

Ақтөбеде де қоғамдық штаб аптасына жеті күн қызмет көрсетіп отыр

Штаб құрамына AMANAT партиясының облыстық және қалалық маслихат депутаттары, "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, заңгер медиаторлар енген. Олар өңірдегі халықтың несиесін шегеру, өтемақы мен төлемдерді уақытылы алуы және басқа да мәселелер бойынша кеңес беріп келеді. Штаб өз жұмысын бастағаннан бері эвакуациялық пункттерде 155 кездесу өткізіп, 5 мыңнан астам адамды қабылдаған.

Қоғамдық штаб құрамы малы суға кеткен тұрғындарға жәрдем беріп жатыр

Жалпы су тасқыны болған аймақтарда жапа шеккен тұрғындарға мал басына өтемақы төлену мәселесі қаралды.

  • Қостанай облысында ауыл шаруашылығы жануарларының 780 бас малына 113,2 млн теңге.
  • Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы жануарларының 753 бас малына 98,3 млн  теңге сомасында өтемақы төленді,.
  • Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелді.
  • Батыс Қазақстан облысында өтемақыға 187,4 млн теңге бөлінді, өтінімдерді қабылдау рәсімі жүргізілуде, төлем апта соңында басталады.
  • Атырау және Ақмола облыстарында өтемақы алуға өтінімдер қабылданып жатыр.

Осы тұрғыда төтенше жағдай жарияланған аймақтарда халыққа ақпарат беріп, өтемақы алу үшін өтінім беруде қоғамдық штаб мүшелерінің атқарар еңбегі мол. Мысалы, Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңына келген Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев Жылыой ауданында өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залалды өтеуге өтінімдер тіркеле бастағанын айтқан еді.

Су тасқынынан өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залалды өтеуге өтінімдерді тіркеу бойынша жұмыс басталды. Залалды бағалау және төлеу жөніндегі комиссия 2 432 өтініш қабылдады, нысандарды техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді ол.

Ал Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 2343 бас мал өлген.

Су тасқыны салдарынан 2343 бас мал, оның ішінде 341 ірі қара, 63 жылқы, 1742 бас уақ мал, 116 шошқа, 81 үй құсы өлді. Қазір шығынның орнын толтыру жұмыстары басталып кетті, - деді БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Қайыпов айтты.

Ақтөбеде бұл көрсеткіш 3200-ді көрсетіп тұр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы