ЕҰУ-дің «Күміс университеті» 300-ден астам егде жастағы адамды оқытты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылдың басынан бастап Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ үздіксіз білім беру тұжырымдамасы аясында «Күміс университет» жобасын қолға алды. Аға буын өкілдеріне арналған курстар елорда тұрғындары арасында сұранысқа ие.
Бүгінде 500-ден астам зейнеткер жаңа білім мен дағдыларды игеруге ниет білдірді.
ЕҰУ-нің «Күміс университеті» 4 бағыт бойынша блім береді: тіл курстары; құқық, тарих, мәдениеттану және өнертану; сауықтыру бағдарламасы және компьютерлік сауаттылықты арттыру. 55 жастан асқан студенттерге арналған курстар 25 бағдарлама бойынша тегін өткізіледі. Аға ұрпақ өкілдері университет қабырғасында шет тілдерін, нутригеномиканы, психологияны, емдік дене шынықтыруды, этнографияны, археологияны және т. б. оқиды.
Бүгін тіл курстарының алғашқы тыңдаушылары оқуларын тәмамдап, сертификаттарға ие болды. Олар үш айдан астам уақыт ішінде 7 шет тілін меңгерді. Аталған курстарға барлығы 364 зейнеткер өтініш берген. Оның ішінде ағылшын және түрік тілдері үлкен сұранысқа ие болды. Сондай-ақ тыңдаушылар қазақ, француз және венгр тілдерін де меңгерді.
Бүгінде мемлекет аға буын өкілдері үшін даму мүмкіндіктерін жасап жатыр. Біздің университет әлеуметтік маңызды жобаларды белсенді түрде іске асыруда. ЕҰУ аға буын өкілдерінің қосымша білім алуына және әлеуметтенуіне мүмкіндік ұсынып отыр. Үздіксіз білім алу кез келген адам үшін аса маңызды. Бұл өз кезегінде бізге үнемі белсенді және бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі,-деп «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы- ректор Ерлан Сыдықов атап өтті .
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ директоры Мұхтар Еркетаевтың айтуынша, елордада 105 мың зейнеткер тұрады. Ол ЕҰУ «Күміс университеті» жобасының қала үшін маңыздылығын атап өтті.
Түрік тілін меңгерген Раушан Болдурукова енді ағылшын әліпбиін үйренуді жоспарлап отыр. Ал курс тыңдаушысы Жанатай Қалиева үш айдан астам уақыт университет қабырғасында ағылшын тілін оқыды. Бүгінде ол өз ойын шет тілінде сенімді білдіреді.
«Күміс университет» адамдардың әлеуметтік белсенділігін арттырады және өздігінен білім алуға мүмкіндік береді. Университет осындай жобаны қолға алып, бізді қолдап отырғаны қуантады. Мен мұнда көптеген достар таптым, студенттік жылдарды есіме түсірдім. ЕҰУ-дің басқа да бағдарламаларын зерделеуге күш-қуат пен ынта пайда болды, - деді ол.
Қазіргі уақытта ЕҰУ-нің 30-дан астам оқытушысы «Күміс университет» жобасы аясында елордалық тұрғындарды оқытуда. Курстар тыңдаушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген. Оқу ұзақтығы шамамен 4 айды құрайды. Тыңдаушылар санына байланысты курстар бірнеше топтарда өткізіледі.
Мен 35 адамға түрік тілін үйреттім және осы жобаның білім алушылары арасында тілге деген жоғары қызығушылықты байқадым. Мен тек оқытып қана қоймай, көп нәрсені үйрендім. Қазір мен өзім қазақ тілі мен еліміздің ұлттық мәдениетін оқып жатырмын, -деп атап өтті ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің оқытушысы Вильдан Онджул.
Бүгінде 47 адам тілдік курстарда оқуын аяқтаса, тағы 121 адам оқуын жалғастыруда.
Айта кету керек, тегін курстарға ЕҰУ Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтына жазылуға болады.