ЕҰУ-де жаңа Конституция жобасы талқыланды
ЕҰУ-да Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті
2026 жылғы 20 ақпанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, танымал ғалымдар, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Қатысушылар Конституция жобасының маңызды ережелерін, егемендікті және қоғамдық келісімді нығайту мәселелерін, диалог тетіктерін дамыту бағыттарын, сондай-ақ елдің адами капиталын қалыптастырудағы білім мен ғылымның рөлін талқылады.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов өз сөзінде Конституцияға өзгерістер енгізу – уақыт талабы әрі заңды құбылыс екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Негізгі заңның халқымыз үшін тарихи әрі тағдырлы маңызы бар екенін ерекше атап өтті. Уақыт бір орында тұрмайды. Қазақстан қоғамы да, бізді қоршаған әлем де ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамдық қатынастардың, саяси жүйе мен әлеуметтік құрылымның дамуы жаңа талаптарды алға тартады. Осындай жағдайда Конституцияға өзгерістер енгізу – уақыт талабы әрі заңды құбылыс. Бұл қадам халық мүддесіне сай келеді, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтады және ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды. Жаңа Конституция жобасында стратегиялық бағыттардың қатарында білім, ғылым және адами капиталды дамыту нақты көрсетілгені ерекше маңызды, – деп атап өтті академик Ерлан Сыдықов.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының VIII шақырылым депутаты Дархан Қыдырәлі Конституцияны бірнеше қырынан қарастыруға болатынын жеткізді.
Біріншісі – Мемлекет басшысы көтеріп жүрген «Адал азамат» тұжырымдамасы. Адам – басты капитал. Жеке тұлғаның еркіндігі, сөз бостандығы, ар-намысы мен қадір-қасиеті, жеке басына қол сұғылмаушылығы сияқты ұғымдар Конституцияда айқын көрініс тапқан. Адам ең басты құндылық ретінде алға шығарылады. Адамның білім алуға құқығы, оның ғылыми әлеуеті, неке мен отбасы құндылықтары, жалпы адамгершілік қасиеттер – мұның бәрі осы Конституцияда көрініс тапқан, бұл шынымен қуантады, – деді спикер.
Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзот Пулатов Қазақстан Халық кеңесінің рөліне тоқталды.
Конституцияға қоғамдық келісімді одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді. Жаңа Конституция жобасында жаңа қоғамдық институт – Қазақстан Халық кеңесі пайда болды. Оның рөлі ерекше. Қазақстан Халық кеңесін құру, сондай-ақ оның аясында Ұлттық құрылтай мен Ассамблеяның барлық құрылымдарының бірлесіп жұмыс істеуі бірлігімізді нығайтудың берік негізіне айналды, – деп атап өтті ол.
Социология ғылымдарының докторы, «Актуалды саясат институты» Қоғамдық қорының директоры Сергей Коновалов қазіргі конституциялық өзгерістер білім саласын сапалы жаңа деңгейге көтереді деп есептейді. Профессордың пікірінше, Конституция жобасының преамбуласына білім мен ғылым құндылықтарының енгізілуі – бір жағынан Ұлы дала контекстіндегі мемлекеттілік сабақтастығын айқындаса, екінші жағынан стратегиялық басымдықтарды нақты белгілейтін маңызды қадам.
Кездесу соңында қатысушылар жаңа конституциялық реформалар аясында қазақстандық қоғамның даму перспективалары туралы пікір алмасып, талқылау жүргізді.