Еуропарламент қарары асығыс қабылданған – Мұхтар Ерман
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман хабарлады. Оның айтуынша, Еуропалық Парламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қарары біржақты.
Кеше қабылдаған Еуропарламенттің қарарына қатысты менің пікірім – бұл шешім өте асығыс және объективті түрде қаралмай қабылданған. Оған бірнеше дәлел бар. Біріншіден, Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылғандай, бізде әлі тергеу-тексеру амалдары жүріп жатыр. Әлі толық ақпарат жоқ. Бізде өте жауапты, өте маңызды жұмыстар атқарылуда. Тергеу-тексерудің нәтижесін алмай, алдын ала баға беру, осындай құжатты қабылдау дұрыс емес, - деп атап өтті мәжілісмен.
Сонымен қатар ол қарар құжатының мәтініне тоқталды.
Екіншіден, жалпы осы құжаттың мәтініне қарайтын болсақ, бірнеше сұрақ туындайды. Ең алдымен, ақпарат жоқтығы көзге байқалады. Оқиғаның басынан бастап бүкіл ресми ақпараттар беріліп жатыр. Бізде қазір негізгі антитеррорлық операция аяқталғаннан кейін өздеріңізге белгілі Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің өкілдері брифингтер өткізіп, барлық нақты деректерді санмен көрсетіп, бәрін жариялап отыр, - деп атап өтті Мұхтар Ерман.
Сондай-ақ депутат қазір біз үшін маңызды нәрсенің не екендігін алға тартты.
Қазір біз үшін ең маңызды мәселе – бүкіл тергеу-тексеру амалдары аяқталғаннан кейін өзімізге тез талдау жасайтын материалға ие боламыз. Үшінші мәселе – өкінішке қарай ешбір Еуроодақтың органдары ресми түрде Қазақстанның органдарына шыққан жоқ. Керісінше, өздеріңізге белгілі, Еуроодақтың басшыларымен кездескен болатын. Ал Еуропарламентке келсек, бұл асығыс, объективті емес шешім. Біз Қазақстан Республикасы халықаралық құқыққа сай барлық міндеттерді ұстанып отырмыз, - деді Мәжіліс депутаты.