Бүгiн 2026, 13:44 Фото: Anadolu Ajans

Еуропаны ыстық қысып тұр: Францияның 60 өңірінде қауіп деңгейі көтерілді

Елде ауа температурасы +41 градусқа дейін жетіп, ыстықтан жыл сайын 5 мыңнан астам адам көз жұмады.

Францияда аптап ыстықтың әсерінен 60 департаментте қауіп деңгейі қызғылт сары деңгейге дейін көтерілді.

Францияның Meteo-France метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, ел аумағын қамтыған қатты ыстыққа байланысты 60 департаментте ескерту деңгейі қызғылт сары санатқа ауыстырылған.

Болжам бойынша, күндіз ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар аптап ыстық келесі аптада да сақталады деп күтілуде.

Франция премьер-министрі Себастьян Лекорну мен 14 министрдің қатысуымен ведомствоаралық дағдарыс тобы жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де қатты ыстыққа байланысты арнайы жиын өткізеді.

Аптап ыстық Парижді де қамтығандықтан, қала әкімдігі тұрғындарға арналған жаңа шараларды жариялады. Бұл шаралар апта бойы күшінде болады.

Париждегі саябақтар мен бақтар тәулік бойы ашық болады

Париж муниципалитеті 17 маусымнан бастап тұрғындарға Сен-Мартен каналындағы ұзындығы 100 метр болатын аумақта жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00-ден 20:00-ге дейін суға түсуге рұқсат берді.

Париж мэрі Эммануэль Грегуар 19 маусым күні БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесінде қаладағы барлық саябақтар мен бақтар аптасына жеті күн, тәулік бойы жұмыс істейтінін хабарлады.

Сондай-ақ Грегуар астана мектептері үшін 1200 желдеткіш сатып алынатынын, ал қоғамдық бассейндердің жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-ге дейін ұзартылатынын айтты.

Oxfam France халықаралық қайырымдылық ұйымының 18 маусымда жарияланған есебінде Францияда аптап ыстық салдарынан жыл сайын 5 мыңнан астам адамның қайтыс болатыны атап өтілген.