ЕО кеңесі Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы 21-санкциялар пакетін қабылдады
ЕО кеңесі Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенін қолдады деп танылған тағы 51 ұйымды қос мақсаттағы тауарлар мен технологияларға қатысты қатаң экспорттық шектеулер қолданылатын тізімге қосты.
Еуропалық одақ кеңесі Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы 21-санкциялар пакетін қабылдады.
Жаңа пакет Ресей экономикасына және оның Украинаға қарсы соғысты қаржыландыру мүмкіндігіне елеулі әсер ететін салаларға бағытталған қатаң экономикалық санкцияларды қамтиды. Сонымен қатар соңғы төрт жылдағы ең ауқымды жеке санкциялар пакеті қабылданды. Жалпы саны – 218 санкция, оның ішінде 48 жеке тұлға мен 170 заңды тұлға бар, – делінген ЕО кеңесінің хабарламасында.
Еуроодақ 100-ден астам банк пен криптовалюта операторына, Ресейдің «көлеңкелі флотына» кіретін 40-тан астам кемеге, сондай-ақ Ресей мен Беларусьтегі бірнеше мұнай өңдеу зауытына санкция енгізді. Бұған қоса, алыс қашықтыққа ұшатын ұшқышсыз аппараттар шығаратын 50-ден астам әскери-өнеркәсіп кәсіпорны да санкциялық тізімге енгізілді.
Сондай-ақ ЕО кеңесі Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенін қолдады деп танылған тағы 51 ұйымды қос мақсаттағы тауарлар мен технологияларға қатысты қатаң экспорттық шектеулер қолданылатын тізімге қосты.
Бұл ұйымдардың бірқатары Қытайда (оның ішінде Гонконгта), Үндістанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Түркияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан. Олар Ресейге микроэлектроника, сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктар (CNC) және жартылай өткізгіштерді өңдеуге арналған жабдықтарға қатысты экспорттық шектеулерді айналып өтуге көмектескен, – делінген құжатта.
Осы жылдың ақпан айында АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы санкциялардың күшін тағы бір жылға ұзартқан болатын.