Еуропалық ғарыш агенттігі алғаш рет қорғаныс жобаларына қатысады
Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) мүше елдерден алдағы үш жылға 22 миллиард еуро қаржыландыру сұрады. Бұл алдыңғы бюджеттен 36%-ға артық, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Бременде ESA-ға мүше 23 елдің ғарыш министрлерінің екі күндік кездесуі басталды. Жиында 1,35 миллиард еуро көлеміндегі ғарышта еуропалық әскери қатысуды күшейту бағдарламасы ұсынылды. 1975 жылы азаматтық ұйым ретінде құрылған агенттік алғаш рет қорғаныс жобаларымен айналысады.
ESA Бас директоры Йозеф Ашбахер «ғарыштан Еуропалық тұрақтылық» бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама Украиндағы соғыс және АҚШ басшылығынан келетін қысым жағдайында Еуропаның ғарыштық қорғаныс әлеуетін арттыруға бағытталған. Енді ғарыштық жобаларды қаржыландыруға қорғаныс министрліктері де қатысады, ал бұрын бұл негізінен азаматтық министрліктердің міндеті болды.
Бағдарлама Iris2 спутниктік байланыс жүйесін (Илон Масктың Starlink баламасы) және Еуропалық Galileo навигациялық жүйесін пайдалануды көздейді. Негізгі пайдаланушылар – әскери құрылымдар, полиция және азаматтық қорғаныс қызметтері. Ұсыныс Бремендегі ESA министрлер Кеңесінде Германия, Франция, Ұлыбритания және басқа елдердің дауыс беруі арқылы қаралады.
Ашбахер ірі елдерді өздерінің ғарыш активтерімен бөлісуге көндіру қиын екенін атап өтті, бірақ «Еуропа үшін тәуелсіздік пен автономияны нығайту өте маңызды», – деді ол.