Еуропалық сарапшылар еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйесін бағалайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізге 7-10 қыркүйек аралығында бағалау мониторингінің 1-2 раунды аясында ГРЕКО бағалау тобы алғашқы сапармен келді.
Сарапшылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негізін және қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді бағалайды. Иммунитеттерді алып тастау, сыбайлас жемқорлық кірістерін тәркілеу, мемлекеттік органдардың ашықтығы, мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі және сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігі мәселелеріне ерекше назар аударды.
Естеріңізге сала кетсек, ГРЕКО Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органы және халықаралық шарттарда бекітілген стандарттарды сақтау және тиімді қолдануға жауап береді.
Биыл наурыз айынан бастап сарапшылар қазақстандық заңнаманы зерделеді. Осы сапарда шетелдік бағалаушылар мемлекеттік орган өкілдерімен, ҮЕҰ, БАҚ және кәсіби қауымдастық өкілдерімен кездесті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов сапардың бірінші күні әріптестеріне Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйесі туралы баяндады. Сондай-ақ, Бас прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп «Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімі», «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі», «Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» жүйелері және «Qamqor» ақпараттық сервисі таныстырылды.
Сарапшылардың қазақстандық заңнама мен практиканың ерекшеліктерін неғұрлым толық түсінуін қамтамасыз ету үшін Парламент, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы мониторингі және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктер, Есеп комитеті, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, әділет, қаржы, ішкі істер министрліктері және әкімдіктердің қатысуы ұйымдастырылды.
Кездесулер барысында алынған ақпаратты қорыту нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру жөніндегі ұсынымдармен қоса бағалау есебі жасалады.
Ұсынымдар тізбесі келесі жылдың наурыз айында ГРЕКО-ның пленарлық отырысында бекітілетін болады. Оны орындау үшін біздің елге 18 ай беріледі.
Ұсынымдарды сапалы орындау Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенциясын және бірқатар басқа да маңызды халықаралық шарттарды ратификациялауға жол ашады.
Оларға қосылу қылмыскерлерді экстрадициялау және шетелге шығарылған активтерді қайтару бөлігінде шетелдік әріптестермен неғұрлым тиімді ынтымақтасуға мүмкіндік береді.