Еуропалық сарапшылар еліміздегі ұшу қауіпсіздігін бағалайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропалық комиссия ұшу қауіпсіздігін қадағалау деңгейін бағалау үшін Қазақстанға сапармен келді. Ұшу қауіпсіздігін Еуропалық комиссия сарапшылары Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігінің (EASA) және Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің бірлесіп бағалайды.
Сапар аясында Қазақстан Республикасы Премьер -Министрінің орынбасары Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс бастаған қазақстандық делегация Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитеті сарапшыларымен және Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускаспен кездесу өткізеді.
Сапардың негізгі мақсаты - Қазақстан авиациялық билік орындары тарапынан әуе тасымалдаушыларға бақылау мен қадағалау шараларының қаншалықты халықаралық ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес жүзеге асырылатынын тексеру. Комиссия сарапшылары ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне, Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне және отандық Air Astana, Qazaq air және B&K AERO KZ әуе компанияларына барады.
Комиссия сарапшылары ҚР авиациялық билігінің Қазақстандағы азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға тиімді бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруын тексереді. Сонымен қатар, сапар еліміздің авиациялық билік орындарының ұшу қауіпсіздігі қағидаларының сақталуын растап қана қоймай, ұшу қауіпсіздігі үшін кез келген елеулі тәуекелдерді анықтап, оларды бақылау бойынша тиімді шараларды қабылдай алатынын растауға бағытталады.