Еуропалық дипломаттар Қазақстанмен ынтымақтастық әлеуетін жоғары бағалайды – СІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропалық одақ институттарымен ынтымақтастықты дамыту перспективалары еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Қазақстанға екі күндік танысу сапармен келген ЕО кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша жұмыс тобының (COEST) өкілдерімен кездесуінде талқыланды.

Роман Василенко еуропалық делегацияға Қазақстанға қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдіре отырып, ЕО институттарымен тұрақты байланыстарды қолдаудың, атап айтқанда, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша жалпы саясатын қалыптастыратын маңызды орталықтарының бірі ретінде жұмыс тобының маңыздылығын атап өтті.


Әңгіме барысында СІМ басшысының орынбасары Еуропалық Одақ Қазақстан үшін екіжақты тығыз қарым-қатынас орнатылған сенімді саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі болып табылатынын тілге тиек етті. Бірнеше жыл бойы ЕО Қазақстанның сауда және инвестициялық серіктестері арасында көшбасшылықты сақтап, елдің жалпы тауар айналымы көлемінің шамамен 50%-ын иеленетіндігі, сондай-ақ республика экономикасына тартылған шетелдік тікелей инвестициялардың жарты көлемінің көзі болып табылатыны атап өтілді.

Сонымен қатар ҚР СІМ басшысының орынбасары ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуі қарсаңында екіжақты форматта, сондай-ақ Орталық Азия бойынша ЕО-ның қабылданған жаңа стратегиясы аясында көпжақты форматта Еуроодақпен ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша Қазақстанның негізгі басымдықтарын атап өтті. Осы орайда тараптардың жеке назары Еуроодақ тарапынан ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдетуге, Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін ЕО елдерінің нарығына экспорттау үшін сауда кедергілерін жоюға және т.б. мәселелеріне аударылды.

Еуропалық дипломаттар осы жылы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған саяси және әлеуметтік реформаларға, соның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылдың жаңа парадигмасын құруға жоғары баға берді.

Өз кезегінде, жұмыс тобының басшысы Ютта Эдхофер біздің еліміздің Еуропа елдерімен саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.


Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ЕО мен ҚР арасындағы және ЕО мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың қолда бар әлеуетін ашу мақсатында тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға уағдаласты.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына сапары барысында Еуропалық дипломаттар Парламент Мәжілісінің депутаттарымен, Бас прокуратура, Сауда және интеграция, Ұлттық экономика министрліктерінің басшылығымен және ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілмен екіжақты кездесулер өткізеді. Делегация мүшелері сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен Халықаралық жасыл технологиялар орталығының жұмысымен танысатын болады.  

Естеріңізге сала кетейік, ЕО кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Жұмыс тобы (COEST) Еуропалық комиссия мен ЕО-ға мүше мемлекеттер арасындағы байланыстырушы буын рөлін атқарады. Сондай-ақ Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықтың барлық аспектілері бойынша ЕК-нің жұмысын мақұлдайды және бағыттайды. 

COEST екі жақты құжаттардың, күн тәртібінің жобаларына және іс-шаралардың мазмұндық толтырылуына түзетулерді келіседі және енгізеді, ЕО негізгі ұстанымдарын бекітеді және тұжырымдайды, сондай-ақ ОА өңіріне қатысты ЕО кеңесінің шетел істері жөніндегі қорытындыларының жобаларын дайындайды. COEST құрамына ЕО-ға мүше 28 мемлекеттің әрбір тұрақты өкілдіктерінен дипломаттар кіреді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы