16 Қараша 2026, 17:22 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Еуропаға жол ашыла ма? Қазақстан Шенген визасын жеңілдетуді көздеп отыр

Қазақстан мен Еуропалық одақ Шенген визасын алу тәртібін жеңілдету жөніндегі келіссөздерді аяқтады. Құжат қазір мемлекеттік органдармен келісу сатысында.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан азаматтарының шетелге шығу мүмкіндігі шектеулі болды. 1992 жылы Түркиямен алғашқы визасыз режим туралы келісім жасалып, кейін бұл бағыттағы жұмыс өзге мемлекеттермен жалғасты. Бүгінде Қазақстан 44 мемлекетпен визасыз қатынас орнатқан, ал тағы 33-34 елге жеңілдетілген тәртіппен баруға мүмкіндік бар. 35 жыл ішінде көк паспорттың халықаралық мүмкіндігі қалай кеңейді және алдағы уақытта қазақстандықтар үшін қандай бағыттар қолжетімді болуы мүмкін? Осы мәселелер төңірегінде BAQ.KZ тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Берік Садықов айтып берді.

Алғашқы визасыз келісім Түркиямен жасалды

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары азаматтардың шетелге шығуы бүгінгідей қолжетімді болған жоқ. Көптеген мемлекетте Қазақстанның елшіліктері ашылмағандықтан, шетелге сапарлау бірқатар визалық рәсімдермен байланысты болды.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Берік Садықовтың айтуынша, Қазақстан визасыз режим орнату бағытындағы жұмысты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастаған.

Ең алғашқы визасыз режимді Қазақстан 1992 жылы 30 наурызда Түркия Республикасымен қол қойды. Содан кейін сол жылы, 30 қазанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ішіндегі тоғыз мемлекетпен келісім жасалды. Олар 1993 жылдан бастап күшіне ене бастады. 1994 жылы үшінші болып Моңғолия мемлекетімен қол қойды, – дейді ол.

Осылайша, Қазақстан азаматтарының шетелге шығуын жеңілдету жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге аса бастады. Алғашқы келісімдерден кейін өзге мемлекеттермен де визалық режимді реттеу бағытындағы дипломатиялық жұмыстар жалғасты.

Бүгінде 44 мемлекетке визасыз баруға болады

Қазір Қазақстан азаматтарының шетелге шығу мүмкіндігі едәуір кеңейген. Берік Садықовтың сөзінше, бүгінде 44 мемлекетпен визасыз режим туралы келісім бар. Бұдан бөлек, тағы 33-34 мемлекетке жеңілдетілген тәртіппен баруға болады.

Мұндай тәртіпке барған елдің әуежайынан виза алу немесе сапар алдында электронды виза рәсімдеу мүмкіндігі жатады.

Қазіргі уақытта 44 мемлекетпен біздің келісімдеріміз бар – визасыз бара алады. Қалған 33-34 мемлекетке жеңілдетілген тәртіппен баруға мүмкіндік бар. Мысалы, Мальдивті немесе Мысырды алайық. Қазақстан азаматтары сол мемлекеттерге барған кезде әуежайдан виза ала алады. Кейбір мемлекеттер электронды виза береді, – деп түсіндірді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, қазақстандықтар арасында Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Вьетнам, Таиланд және Индонезия сияқты бағыттарға туристік, іскерлік және басқа да мақсаттармен сапарлау жиі кездеседі. Бұл елдердің бірқатарымен визасыз режим орнатылған.

Қазақстан азаматтарының құқықтарын 110 елдегі консулдық мекеме қорғайды

Шетелге шығу мүмкіндігінің кеңеюімен қатар, азаматтардың шетелдегі құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесі де маңызды. Берік Садықовтың мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанның консулдық мекемелері 110 мемлекетте жұмыс істейді.

Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақстан азаматтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау және визалық режимді жеңілдету, – дейді ол.

Осы орайда министрлік өкілі шетелге сапарлайтын азаматтарға алдын ала дайындыққа ерекше мән беруге кеңес берді. Оның айтуынша, әр мемлекеттің кедендік, паспорттық, визалық және санитарлық талаптары әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан сапар алдында Сыртқы істер министрлігінің немесе баратын елдегі Қазақстан елшілігінің ресми сайттарынан қажетті ақпаратты тексерген жөн.

Сондай-ақ шетелге шығар алдында сол елдегі Қазақстанның консулдық-дипломатиялық мекемесінің байланыс нөмірлері мен ресми сайттарын жазып алу маңызды.

Шенген визасын алу тәртібі жеңілдеуі мүмкін

Қазақстан паспортының халықаралық мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Қазір Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында визалық рәсімдерді жеңілдету мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілген. Бұл бағыттағы келісім жобасы қазір Қазақстанның мемлекеттік органдарымен келісу сатысында.

Берік Садықовтың айтуынша, сөз 29 мемлекетті қамтитын Шенген аймағымен визасыз режим орнату туралы емес, виза алу рәсімдерін жеңілдету жөнінде болып отыр.

Қазіргі уақытта біз Еуропалық одақпен, яғни Шенген визасы бойынша визалық мәселелерді жеңілдету жөнінде келіссөздер жүргізіп, аяқтадық. Енді алдағы уақытта құжат Қазақстанның мемлекеттік органдарымен келісу сатысында тұр, – деді ол.

Оның сөзінше, жоспарланып отырған өзгерістер консулдық алым мөлшерін төмендету, талап етілетін құжаттар санын қысқарту және көп мәртелік виза алу мүмкіндіктерін қарастыруды қамтиды.

Бұл жерде визасыз режим туралы айтып отырған жоқпыз. Бұл – жеңілдетілген тәртіп. Яғни консулдық алымды төмендету, құжаттарды реттеу, көп құжат талап етпеу және көп мәртелік виза беру мәселелері қарастырылып жатыр, – деп атап өтті Берік Садықов.

Осылайша, Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында визалық шектеулер жағдайында басталған дипломатиялық жұмысты жалғастырып, азаматтарының шетелге шығу мүмкіндігін біртіндеп кеңейтіп келеді. Алдағы уақытта Еуропалық одақпен визалық рәсімдерді жеңілдету жөніндегі келісім жүзеге асса, қазақстандықтар үшін халықаралық сапарларды жоспарлау тәртібінде тағы бір өзгеріс болуы мүмкін.