Еуропаға виза алу қашан жеңілдейді? – СІМ жауап берді
Еуропалық одақпен визалық режимді жеңілдету ісі қашан іске асады? Бұл сұраққа Сыртқы істер министрлігі ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан мен Еуропалық одақтың арасында келісім жүріп жатқанына 10 жыл болды. Сол 10 жылдың ішінде біраз жетістіктерге қол жеткізген болатынбыз. Әрине, өткен жылы Қазақстан “Еуропалық одақпен визалық режимді оңайлату туралы келіссөздерді бастаймыз” деп жарияладық. Бұл жұмыс күнделікті жүріп жатыр. Еуропалық одаққа бірнеше мемлекет кіреді ғой, әр мемлекетпен жеке сөйлесу керек, - деді ол.
Смадияров сондай-ақ жақында ғана Қазақстан делегациясы Германияға барып, неміс тарапымен сөйлескенін мәлімдеді.
Келесі аптада тағы да Сыртқы істер министрлігінің делегациясы барайын деп жатыр. Ішкі істер министрлігі бар, ұлттық қауіпсіздігі бар, Сыртқы істер министрлігі бар, миграциялық мәселелер бар, жан-жақты қаралу керек. Сондықтан бұл мәселе, мен өткен брифингтерде айтқандай, бір-екі күндік мәселе емес, біраз жыл уақыт алады, - деді ресми өкіл.