Еуропадағы бойкоттан кейін AstraZeneca вакцинасының атауы ауысып кетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. AstraZeneca ағылшын-швед фармацевтикалық компаниясы Оксфорд университетімен бірлесіп жасалған коронавирусқа қарсы AZD1222 вакцинасының атауын ауыстырып тастады. Енді ол Vaxzevria деп аталады.
Бұл туралы Дәрі-дәрмектердің еуропалық агенттігі (ЕМА) сайтында хабарланды. Олардың бұндай шешімге неліктен келгені белгісіз. Алайда соңғы жаңалықтарды ескерсек, дәл осы коронавирусқа қарсы вакцинаның айналасында көптеген жағымсыз пікір көбейіп кетті.
Наурыздың басында жаппай вакцинация жүріп жатқан бірқатар Еуропа елі оксфордтық препараттың қолданылуын уақытша тоқтатты. Бұл ретте олар жайдан-жай қауіптенген жоқ. Оған Австрияда вакцина салдырып, артынша қан ұю бұзылыстарынан болған 49 жастағы әйелдің қазасы түрткі болды. Тағы бір 35 жастағы әйел екпеден кейін өкпе артериясының тромбоэмболиясына шалдықты.
Осы тәрізді оқиғалар жер-жерде болып жатты. Осы орайда британиялық регулятор, ЕМА, ДДСҰ және фармкомпанияның өзі де AstraZeneca екпесін алған қаншама адамды ескерсек, тромбоэмболия жалпы халық арасында орын алған қалыпты жайт екеніне сендірді.
Кейіннен еуропалық регулятор «AstraZeneca – халықты коронавирустан қорғайтын қауіпсіз және тиімді вакцина» екенін атап өтті. Дегенмен қауіп-қатерді мүлдем жоққа шығаруға болмайтынын, тергеу жалғасатынын мәлімдеді.
Naked Science ақпаратына сүйенсек, вакцина атауын ауыстыру – маркетингілік қадам. Себебі препараттың құрамы емес, тек сыртқы бейнесі ғана өзгерді.
ЕМА сайтындағы сипаттамаға сәйкес вакцинациядан кейін тромбоз жағдайлары туралы ақпарат айтылмаған.
Қазір онда вакцинаның келесі жанама әсерлері болатыны көрсетілген: вакцина салынған жердегі ауырсыну, бас ауруы, шаршау, бұлшықет ауруы, жалпы әлсіздік, қалтырау, қызу көтерілу, буын ауруы және жүрек айнуы. Кей жағдайда тәбет төмендеуі, бас айналуы, тершеңдік, іш ауруы, бөртпе және аллергия болуы мүмкін.
Бұл жаңалықтан кейін белгілі берлиндік клиника Charité 55 жасқа толмаған медициналық қызметкерлерді Vaxzevria препаратымен вакцинациялауды уақытша тоқтатты. Мекеме өкілі Мануэла Цингльдің айтуынша, кейінгі кезде әйелдер арасында ми қантамырлары тромбозы жағдайларының пайда болуынан кейін олар осындай шешімге келген.
Charité-де AstraZeneca вакцинасынан кейін ешқандай асқынулар болмаса да, сақтық шараларын ұстанып, соңғы қорытындыны күтіп отырмыз, - деді ол.
Қазір Норвегия мен Дания Vaxzevria препаратымен вакцинациялауды тоқтатты. Олар вакцинаның жағымсыз әсерлерін өздері зерттемек. Ал Канада, Швеция, Финляндия және Исландия аталған вакцинамен тек ересектерді ғана вакцинациялайтын болыпты.
Еуроодақтың басқа елдері пациенттер арасында тромб пайда болу салдарынан болған өлім-жітім деңгейіне қарамастан вакцинацияны жалғастырыпты.