Еуропадағы алапат дауылдың салдарынан 20-ға жуық адам қайтыс болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы екі күн ішінде орын алған «Юнис» дауылының салдарынан Еуропаның бірнеше елінде 16 адам қайтыс болды. Бұл туралы ВВС хабарлады.
Атап айтқанда, Нидерландыда – 4 адам, Польшада – 4 адам, Британияда – 3 адам, Германия мен Бельгияда – 2 адам, Ирландияда 1 адам апаттың құрбаны болған. Одан басқа, жарақат алғандар, дауыл салдарынан орын алған көлік апаттарынан зардап шеккендер саны артуда. Мәселен, Францияның солтүстігінде 30 адам апатқа ұшыраған.
Метеорологтардың ресми жіктемесіне сәйкес, «Юнис» теңіз дауылының қатарына кірген. Ол соңғы 30 жыл ішінде Еуропадағы мұндай сипаттағы ең күшті табиғи апаттың біріне айналып отыр. Дауыл салдарынан орын алған желдің жылдамдығы сағатына 200 шақырымнан асып кеткен. Миллиондаған үйдің тұрғындары электр жарығынсыз қалса, кей өңірлерде пойыздар мен қоғамдық көліктің қозғалысы уақытша тоқтатылып, әуежайлар жүздеген әуе рейстерін кейінге шегерген.
Германияда теміржол қызметінде апат болып, 1000 шақырымға созылған электр тораптары мен сигналдары бүлінген.
Польшаның солтүстік батысында миллиондаған үй шаруашылығы жарықсыз қалыпты.
Голландиялық теңіз жағалауының күзеті Солтүстік теңіздегі 26 бос контейнерлерді іздеуге кірісті. Белгілі болғандай, контейнер тасымалдайтын кеме Германияны бағытқа алған. Оны іздеуге тікұшақтар мен буксирлер жұмылдырылды.