"Еуропада оқуға түсіремін": Астанада әйел ата-аналарды 152 млн теңгеге алдап түсірді
Астана тұрғыны білім беру қызметін көрсетемін деген желеумен 52 адамнан 152 млн теңге жинаған. Халықаралық сертификаттар мен оқу уәдесі жалған болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, білім беру орталығының негізін қалаушы әлеуметтік желілердегі аккаунттарын және бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнаманы пайдаланып, шетелде білім беру қызметін ұсынатынын айтып, курстар рәсімдеуді ұсынған. Ол Еуропаның жоғары оқу орындарына кепілдендірілген түрде оқуға түсіруді және шетелде бір жылдық тілдік дайындықтан босататын халықаралық сертификаттар беруді уәде еткен.
Алайда уәде етілген сертификаттар берілмеген, ал оқыту іс жүзінде жүргізілмеген. Сонымен қатар, оның компаниясының мұндай қызметті жүзеге асыруға халықаралық аккредитациясы болмаған, – деп хабарлады қадағалаушы орган 1 желтоқсанда.
Мысалы, баласын Еуропада оқытуға дайындау үшін халықаралық сертификат алғысы келген жәбірленушілердің бірі шамамен 3 млн теңге шығынға ұшыраған.
Сотта дәлелденгендей, айыпталушы өз міндеттемелерін орындауға мүмкіндігі болмаған, клиенттермен келісімшарттарды қылмыстық ниетімен жасаған және жымқырылған қаражатты жеке мақсатқа жұмсаған, – делінген хабарламада.
Сотта әйел өз кінәсін мойындамаған.
Сот үкімімен ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ 7 жыл бойы білім беру ұйымдарын ұйымдастыруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.