Еуропада көлік жүргізу кезінде телефон қолдануға қарсы апталық басталды
Бүкіл Еуропада полиция қызметкерлері көлік жүргізу кезінде телефон, планшет және өзге де электронды құрылғыларды пайдалануға қарсы бір апталық акция өткізіп жатыр. Науқан “Focus on the Road” (“Жолға назар аударыңыз”) ұранымен өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Акция барысында жүргізушілердің назарын жол қауіпсіздігіне аудару және көлік апаттарының санын азайту көзделген. Сарапшылардың айтуынша, сағатына 50 шақырым жылдамдықпен келе жатқан көлік иесі смартфонға бір секундқа алаңдаса, осы уақыт ішінде шамамен 14 метр жолды соқыр күйде жүріп өтеді.
Полиция мәліметінше, тек Германияның Рейнланд-Пфальц жерінде өткен жылы телефон салдарынан 164 жол апаты тіркелген. Саксония-Анхальт аймағында болса, осындай 120-ға жуық құқық бұзушылық анықталған.
Бақылау апталығын Еуропалық Одақ елдерінің жол полициясын біріктіретін ROADPOL желісі үйлестіреді. Акцияның негізгі мақсаты – жол апаттарынан жарақат алушылар мен қаза табушылар санын азайту.
Науқан кезінде полиция қызметкерлері тек жүргізушілердің телефон пайдалануын ғана емес, сонымен қатар құлаққап тағу, жүктің дұрыс бекітілуі және балалар креслоларының қауіпсіздігіне де назар аударуда.
Германия Федералды статистика департаментінің мәліметі бойынша, өткен жылы жол апаттарынан 2 780 адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 59 адамға аз. Бұл – 1953 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіштердің бірі.
Мамандардың айтуынша, жүргізушілердің басты міндеті – жолға назар аудару және назарды алаңдататын кез келген құрылғыны қолданбау.