Еуропада газ бағасы шарықтады: 2022 жылдан бергі рекорд жаңарды
Еуропада газ бағасы бірден 5%-дан астам қымбаттап, 83,75 еуроға жетті. Бұған Таяу Шығыстағы жағдай мен Ормуз бұғазындағы белгісіздік әсер етті.
Дүйсенбі күні Еуропада табиғи газ бағасы күрт өсті. Бұған Парсы шығанағындағы газ өндіретін аймақтардан жеткізілімдердің үзілуіне байланысты туындаған алаңдаушылық себеп болды.
DPA басылымының мәліметінше, дүйсенбі күні Амстердам биржасындағы сауда-саттықтың алғашқы минуттарында табиғи газдың негізгі бағалық индикаторы саналатын TTF фьючерсінің келесі айға арналған бағасы 5%-дан астамға өсіп, бір мегаватт-сағатына (МВт·сағ) 83,75 еуроға (97,13 АҚШ доллары) жетті. Бұл – 2022 жылдың соңынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Нарықтағы инвесторлар Ормуз бұғазының қоршауға алынуына байланысты Таяу Шығыстан сұйытылған табиғи газ (СТГ) жеткізілімі ұзақ уақытқа үзіліп қалуы мүмкін деп алаңдап отыр.
Иран мен Парсы шығанағындағы бірнеше мемлекет өкілдерінің бұғаздағы жағдайды талқылау үшін дүйсенбіге жоспарланған кездесуі кейінге шегерілді.
Консенсусқа қол жеткізу мақсатында Салала қаласында ертең өтуі жоспарланған өңірлік кездесу кейінге қалдырылды. Біз өңіріміздегі тұрақтылық пен берік ынтымақтастыққа ықпал ететін диалогты дамытуға деген ұстанымымыздан айнымаймыз, – деп мәлімдеді Оманның сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди жексенбі күні кешке X әлеуметтік желісінде.
Хабарланғандай, бастапқы жоспар бойынша Иран мен Оман кездесуде Ормуз бұғазына қатысты тығырыққа тірелген дауды реттеу жөніндегі келісімді ұсынуы тиіс болған.
Биыл Еуропадағы газ бағасы үш есеге жуық өсті. Ирандағы дағдарыс пен соған байланысты энергетикалық ресурстар жеткізіліміне қойылған шектеулер әзірге аяқталмай отыр. Сонымен қатар Еуропа елдеріне қыс түскенге дейін жеткіліксіз газ қорларын толықтыруға уақыт азайып барады.