Еуропада газ бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет 100 еуродан асты
Ақпан айының соңында газдың бағасы шамамен 32 еуро болған.
Еуропада табиғи газдың эталондық бағасы 2022 жылғы энергетикалық дағдарыстан бері алғаш рет мегаватт-сағатына 100 еуродан асты. Бұл геосаяси тұрақсыздық пен газ жеткізіліміндегі қиындықтарға байланысты. Бұл туралы Euronews хабарлады.
28 қазанда Нидерландтағы TTF хабында келесі айға арналған газ фьючерстерінің бағасы 100,37 еуроға жетіп, бір күнде 4 пайыздан астам өсті. Ақпан айының соңында газдың бағасы шамамен 32 еуро болған.
Еуропалық комиссияның энергетика жөніндегі комиссары Дан Йоргенсен алдағы қыс Еуропа тұрғындары мен экономикасы үшін қиын болуы мүмкін екенін ескертті.
ЕО энергетикалық реттеушілер ынтымақтастығы агенттігінің (ACER) мәліметінше, 21 қазанда Еуропадағы газ қоймаларының толымдылығы 75 пайызды құраған. Бұл 1 қарашаға дейінгі 90 пайыздық межеден төмен. Сонымен қатар, Катардан газ жеткізудің бұзылуы Еуропаның АҚШ-қа тәуелділігін арттырған. Қазір АҚШ Еуропаға жеткізілетін газдың шамамен 30 пайызын қамтамасыз етеді.
ACER қыс мезгілінде Еуропа сұйытылған табиғи газ үшін Азия елдерімен бәсекеге түсіп, баға одан әрі өсуі мүмкін екенін ескертті. Осы жағдайда ЕО мен Канада газ жеткізу жөніндегі ұзақ мерзімді келісім жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр.