18 Қыркүйек 2026, 16:54 Фото: Carsten Rehder/dpa

Еуропада балалар вакцинациясы төмендеп барады – зерттеу

Зерттеушілер 44 жылдық деректерді талдап, Еуропаның бірқатар елінде балалар вакцинациясының төмендеу үрдісін анықтады.

Жұма күні жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, Еуропада балаларды вакцинациялау қарқыны тоқырап, төмен деңгейде қалып отыр. Бұл туралы  DPA басылымы жазды.

Вакцинация – қоғамдық денсаулықты қорғаудың ең тиімді әдістерінің бірі. Алайда зерттеушілердің айтуынша, Еуропалық Одақ елдеріндегі вакцина алуға деген құлықсыздық иммундау деңгейінің төмендеуіне және вакцина арқылы алдын алуға болатын аурулардың қайта өршуіне алып келген.

Зерттеушілер 1980-2024 жылдар аралығында ЕО елдеріндегі жеті түрлі вакцина бойынша вакцинация көрсеткіштерін зерттеген.

2019 жылдан бері 16 елде төрт немесе одан да көп вакцина бойынша иммундау көрсеткіші төмендеген. Олардың қатарында Болгария, Кипр, Ирландия, Нидерланд, Румыния және Швеция бар. Бұл елдерде соңғы уақытта зерттеуде қарастырылған жеті вакцинаның барлығы бойынша вакцинация деңгейінің төмендеу үрдісі байқалған.

Германия мен Испанияда жеті вакцинаның бесеуі бойынша вакцинация деңгейі төмендеген. Ал Франция мен Италияда төрт вакцина бойынша қамту көрсеткіші артқанымен, үш вакцина бойынша төмендеген.

Люксембург пен Португалияда зерттелген жеті вакцинаның барлығы бойынша вакцинациямен қамту деңгейі кемінде 95% болған. Ал ең төмен көрсеткіш Румынияда тіркеліп, ол 80%-дан төмен болған.

Зерттеушілердің мәліметінше, вакцинация деңгейінің төмендеуі 2019-2022 жылдар аралығында басталған. Бұл кезең COVID-19 пандемиясымен және оның салдарларымен тұспа-тұс келді. Ғалымдар көрсеткіштердің төмендеуін пандемияға байланысты балаларға жоспарлы вакцинация жасау қызметтеріндегі үзілістермен байланыстыруы мүмкін екенін атап өтті.

Зерттеушілер вакцинация деңгейінің төмендеуі ұжымдық және жеке иммунитетке төнетін қауіптің артып келе жатқанын көрсететінін айтты.

Бұл үрдісті өзгерту үшін халықаралық, ұлттық және жергілікті деңгейде шаралар қабылдау қажет, – деді зерттеушілер.