Еуропада әуе қатынасы бұзылуы мүмкін: Ұшқыштар ереуіл жариялады
13–14 сәуірде Германия әуежайларынан ұшатын көптеген рейс кешігіп, бірқатары тоқтатылуы мүмкін.
Германияның ұшқыштар мен авиаинженерлер кәсіподағы Vereinigung Cockpit 13–14 сәуір күндері Lufthansa және Eurowings ұшқыштарын ереуілге шығуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Негізгі себеп – корпоративтік зейнетақы бағдарламалары мен еңбек келісімдері бойынша келіссөздердің тығырыққа тірелуі.
Ереуіл 13 сәуірде Eurowings-тің Германия әуежайларынан ұшатын барлық рейстеріне әсер етеді. Ал Lufthansa, Lufthansa Cargo және CityLine ұшқыштары 13–14 сәуір аралығында ереуіл өткізеді. Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты бұл аймаққа ұшатын кейбір рейстер ереуілден босатылған.
Кәсіподақ өкілдері Lufthansa тарапынан зейнетақы төлемдері бойынша нақты ұсыныс болмағанын айтты. Әсіресе Eurowings ұсынған корпоративтік зейнетақы бағдарламасы талаптарға сай келмейтіні атап өтілді.
Кәсіподақ төрағасы Андреас Пиньейру бұл қадамды «сәтсіз келіссөздерді сақтап қалудың соңғы амалы» деп атады. Оның сөзінше, Пасха мерекесі кезінде әдейі ереуілден бас тартқанымен, жұмыс беруші тарапынан нақты қадам болмаған.
Ал Lufthansa бұл шешімді «шиеленістің мүлде жаңа деңгейі» деп бағалап, кәсіподақтың компаниядағы онсыз да жоғары зейнетақы бағдарламасын екі еселеу туралы талабын «абсурд және орындалмайтын» деп атады.
Қысқасы, 13–14 сәуір күндері Германиядан ұшатын Lufthansa және Eurowings рейстерінде жаппай кешігу мен рейс тоқтатулар болуы мүмкін.