11 Қараша 2026, 06:45 Фото: pixabay

Еуропа тұрғындарына тұрмыстық техникаға жасалуы мүмкін кибершабуылдар туралы ескерту жасалды

ENISA мәліметінше, барлық саладағы ұйымдар киберқауіпсіздік мамандарын жұмысқа тарту және оларды ұстап қалу мәселесінде қиындықтарға тап болып отыр.

Еуропалық Одақтың киберқауіпсіздік агенттігі тұрмыстық техникаларға хакерлік шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескертті.

Euronews таратқан ақпаратқа сәйкес, Еуропаның бірнеше еліндегі супермаркеттердің тоңазытқыштарына жасалған соңғы шабуылдардан кейін хакерлердің келесі нысанасы тұрмыстық техника болуы мүмкін. Бұл туралы Еуропалық Одақтың Киберқауіпсіздік жөніндегі агенттігінің (ENISA) басшысы Юхан Лепассар мәлімдеді.

Қауіпсіздік екінші кезектегі мәселе болмауы керек және олай болуы мүмкін де емес. Бүгін тоңазытқыштар болса, ертең роутерлер, арғы күні тұрмыстық техника және басқа да құрылғылар шабуыл нысанасына айналуы мүмкін, – деді ENISA басшысы.

Оның айтуынша, адам тәуелді кез келген қызметтің бұзуға болатын цифрлық элементі бар. Ал жасанды интеллект хакерлердің де, кибершабуылдардан қорғанатын компаниялардың да мүмкіндіктерін кеңейтіп, осал тұстарды жылдам анықтауға көмектесетін «күшейткіш құралға» айналып отыр.

Еуропалық Одақтың тоғыз еліндегі тоңазытқыштарға жасалған соңғы шабуыл кейбір экономикалық секторларда киберқауіпсіздік пен аса маңызды инфрақұрылым ұғымына қатысты олқылықтар бар екенін көрсетті.

ENISA мәліметінше, барлық саладағы ұйымдар киберқауіпсіздік мамандарын жұмысқа тарту және оларды ұстап қалу мәселесінде қиындықтарға тап болып отыр.

Осыған байланысты агенттік Еуропалық Одақ елдерін білікті мамандар тапшылығын шешу үшін осы бағыттағы бағдарламаларды кеңейтіп, күшейтуге шақырды