Бүгiн 2026, 19:22 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Еуропа Орталық Азияға неге қызығып отыр? Түрік сарапшысы себептерін түсіндірді

Геосаяси ахуал өзгеріп жатқан кезеңде Орталық Азияның Батыс үшін неліктен барған сайын маңызды стратегиялық аймаққа айналып келе жатқанын анықтадық.

15–17 маусым аралығында Францияның Эвиан қаласында әлемдегі ең ірі дамыған экономикалардың бейресми бірлестігі саналатын G7 саммиті өтеді. Орталық Азия елдері «Үлкен жетілік» құрамына кірмегенімен, кездесуде талқыланатын мәселелер аймақ мүддесіне тікелей әсер етеді. Күн тәртібінде жаһандық сауда, энергетикалық қауіпсіздік, көлік дәліздері және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларға қолжетімділік мәселелері болады. BAQ.KZ тілшісі геосаяси ахуал өзгеріп жатқан кезеңде Орталық Азияның Батыс үшін неліктен барған сайын маңызды стратегиялық аймаққа айналып келе жатқанын анықтады.

Назарда Орталық Азия

Түркиядағы Қорқыт Ата атындағы Османие университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы, доктор Эмрах Каяның пікірінше, Еуропалық одақтың Орталық Азияға қатысты саясатының жандануы ең алдымен әлемдік жүйедегі ауқымды өзгерістермен байланысты.

Жаһандық жүйеде дағдарыс байқалып отыр, ал оның салдарын ең қатты сезініп жатқан өңірлердің бірі – Еуропа. Осындай жағдайда ЕО өз ықпалын кеңейтіп, ұстанымын нығайтуға ұмтылады. Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін Еуропа мен Ресей арасындағы байланыстардың үзілуі энергетикалық дағдарысқа алып келді. Еуропа энергетикалық мәселелерінің бір бөлігін Кавказ – Каспий теңізі – Орталық Азия бағыты арқылы ең жылдам әрі аз шығынмен шеше алады деп есептейді, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, дәл осы себепті Каспий өңірі мен Орталық Азия бүгінде Брюссель үшін стратегиялық маңызға ие болып отыр.

Аймақта уран, мұнай және газдың қоры мол. Сонымен қатар мұнда заманауи технологиялар мен өнеркәсіпке қажетті сирек жер металдарының едәуір қоры орналасқан. Қазір Еуропа да, әлемнің көп бөлігі сияқты, мұндай материалдарды жеткізу мәселесінде Қытайға тәуелді. Осы тәуелділікті азайту үшін ЕО Орталық Азияға барған сайын көбірек назар аударып отыр, – дейді Кая.

Ықпал үшін жаңа күрес

Орталық Азиядағы ықпалын күшейту мәселесі тек экономикамен ғана емес, геосаясатпен де байланысты. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін аймақтағы күштер тепе-теңдігі өзгере бастады.

Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы айтарлықтай әлсіреді. Пайда болған бос кеңістікті Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да ойыншылар толтыруға ұмтылып жатыр. Алайда Еуропа бұл аймақта өз белсенді саясатын жүргізуді қажет деп санайды, өйткені кез келген сыртқы ойыншының күшеюі Орталық Азия мен Еуропа арасындағы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, әзірге ЕО Қытаймен тең дәрежеде бәсекелесе алмайды, бірақ болашақта жағдай өзгеруі мүмкін.

Қытай – Орталық Азияның көршісі әрі аймақтың негізгі сауда серіктесі. Ал Еуропа әлдеқайда алыста орналасқан. Сондықтан қазір Брюссель өз ықпалын қалыптастыруға тырысып жатыр. Алайда орта мерзімді кезеңде Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстар нығайған сайын біз жаңа ықпал үшін күрестің куәсі болуымыз мүмкін. Шын мәнінде, көз алдымызда жаңа геосаяси “Үлкен ойын” қалыптасып келеді, – дейді Кая.

Орта дәліз стратегиялық бағытқа айналып келеді

G7 елдері үшін маңызды тақырыптардың бірі – Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көлік бағыттарын іздеу. Осы тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни Орта дәліз ерекше маңызға ие болуда.

Ресейге қарсы санкциялар енгізіліп, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық күшейгеннен кейін дәстүрлі логистикалық тізбектер елеулі қиындықтарға тап болды. Соның нәтижесінде Батыс елдері тауар жеткізудің балама бағыттарын белсенді түрде қарастыра бастады.

Егер Еуропа Орталық Азия мен Қытай нарықтарына қолжетімділікті сақтағысы келсе, оған қауіпсіз, қысқа әрі экономикалық тұрғыдан тиімді бағыт қажет. Қазір бұл талаптарға дәл Орта дәліз жауап береді. Ресей, Иран немесе басқа өңірлер арқылы өтетін маршруттар санкциялармен, қақтығыстармен және қосымша тәуекелдермен байланысты. Ал Түркия, Кавказ, Каспий теңізі және Орталық Азия арқылы өтетін бағыт анағұрлым қауіпсіз әрі болжамды, – деп түсіндіреді сарапшы.

Оның айтуынша, бұл бағыттың тағы бір артықшылығы – аймақ елдеріндегі саяси тұрақтылық.

Орта дәліз өтетін мемлекеттердің басым бөлігінде тұрақты әрі бейбіт жағдай сақталған. Бұл бағытты тек сауда үшін ғана емес, логистика мен инфрақұрылымға салынатын ірі инвестициялар үшін де тартымды етеді, – дейді Кая.

Стратегиялық минералдар XXI ғасырдың басты ресурсына айналып келеді

Соңғы жылдары дамыған елдер стратегиялық маңызы бар минералдарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келеді. Литий, кобальт, сирек жер металдары және басқа да ресурстар аккумуляторлар, электр көліктері, электроника мен заманауи байланыс жүйелерін өндіру үшін қажет.

Сарапшылардың бағалауынша, мұндай ресурстар үшін бәсеке алдағы уақытта одан әрі күшейе түседі.

Қазір шикізат жеткізу туралы келісімдердің болуы жеткіліксіз. Бұл материалдарды өндіруді, өңдеуді және тасымалдауды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттер қақтығыстар мен тұрақсыздық сақталған өңірлерге инвестиция салуға аса сақтықпен қарайды. Орталық Азия қауіпсіздігімен және болжамдылығымен ерекшеленеді, ал Орта дәліз логистикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – дейді Эмрах Кая.

Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше өзекті. Ел сирек жер металдарына, уранға және басқа да стратегиялық маңызы бар ресурстарға бай. Ал әлемнің жетекші экономикаларының бұл қорларға деген қызығушылығы артып келеді.

Энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі

Минералдар мен логистикадан бөлек, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де маңызды рөл атқарады.

Еуропа Ресеймен энергетикалық ынтымақтастық қысқарғаннан кейін мұнай мен газ жеткізудің балама көздерін іздеуді жалғастырып жатыр. Осы тұрғыда Орталық Азия энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі серіктестердің бірі ретінде қарастырылады.

Азық-түлік қауіпсіздігі де маңызды факторға айналып отыр.

Орталық Азияда құнарлы жерлер мен су ресурстары жеткілікті. Қазір мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударып, осы бағытта серіктестік орнатып жатыр. Тіпті Қазақстандағы астық өндірісінің көлемі де Еуропа нарығы үшін маңызды мәнге ие, – дейді сарапшы.

Орталық Азия ЕО-ның негізгі серіктесіне айнала ала ма?

Түрік саясаттанушысының пікірінше, Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы байланыс алдағы жылдары одан әрі нығая түседі.

Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың кеңейіп, тереңдей беруін күтуге болады. Қазіргі таңда қарым-қатынас өзара тиімділік қағидатына негізделіп отыр. Орталық Азия мемлекеттері көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуде, бұл серіктестікті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастырады, – дейді Кая.

Сарапшының айтуынша, аймақтың табиғи ресурстары мен Еуроодақтың қаржылық әрі технологиялық мүмкіндіктерінің үйлесуі ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа негіз қалайды.

Бір жағынан, Орталық Азияның елеулі ресурстары мен экономикалық әлеуеті бар. Екінші жағынан, ЕО қаржылық, технологиялық және институционалдық мүмкіндіктерге ие. Мұның бәрі шынайы стратегиялық әріптестік қалыптастыруға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Сонымен қатар, сарапшы екі тарап арасындағы байланыстың болашағы халықаралық жағдайға да тәуелді екенін атап өтті.

Жаһандық бәсеке, өңірлік дағдарыстар және ықтимал геосаяси күйзелістердің ықпалын ескеру қажет. Алдағы жылдары ЕО мен Орталық Азия арасындағы жақындасу қарқыны мен ауқымын дәл осы факторлар айқындайды, – деп түйіндеді сарапшы.

Осы тұрғыдан алғанда, Эвианда өтетін G7 саммиті тек әлемнің жетекші экономикаларының мәселелерін талқылайтын алаң ғана емес, сонымен қатар дамушы елдермен өзара іс-қимылдың болашақ бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды кездесу болмақ. Ал Орталық Азия үшін бұл халықаралық назардың, инвестициялық қызығушылықтың және аймақтың жаһандық саясаттағы маңызының одан әрі арта түседі деген сөз.