Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтуіміз керек – Роман Григорчук
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Еуропа лигасының екінші кезеңі аясында «Астана» мен Андорраның «Санта Колома» командадары кездеседі. Осы ойынның алдында елорда командасының бас бапкері Роман Григорчуктың қатысуымен баспасөз жиыны өтті.
– Менің командамның көрсетіп жатқан ойынына толықтай көңілім толады. Әсіресе, «Таразбен» өткен матчта жігіттер жақсы ойын үлгісін көрсетті. Еуропа лигасында да ойыншылар сол жолдан таймаса екен деймін.
– Бірінші ойыннан кейін қарсыластың қандай осал тұстарын байқадыңыз?
– Мен қарсыластың қателіктері туралы айтудан аулақпын. Ол менің тарапымнан дұрыс болмайды. Жалпы, қарсыластың осал тұсын анық білеміз және оны алаңда пайлануға тырысамыз.
– Жеребеден кейін бұл жұптың фавориті «Астана» екені айтылды. Бірақ алғашқы ойын тең аяқталды. Енді қарымта матчта жеңіске жету жайлы міндет қойылды ма?
– Мен кез келген қарсыласқа үлкен құрметпен қараймын. Сондықтан кімнің фаворит екенін айтқым келмейді. Біз іріктеуді Чемпиондар лигасынан бастадық. Кез келген елде чемпион атану өте қиын екенін жақсы білесіздер. Чемпион команда өз елінде үздік атанғандықтан, оларға құрметпен қарауымыз қажет. Статистикаға көз жүгіртер болсаңыз, барлық уақытта фавориттер жеңіске жете бермейді. Сондықтан қандай қарсылас болса да, тыңғылықты дайындалып, олардың осал тұстарын табуға тырысамын. Бұл ойынға келер болсақ, ойыншылардың бәрі де кездесуге сақадай сай дайын. Біздің өзімізге қажетті нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігіміз өте жоғары.
– Соңғы кездесулерде Марин Томасовты жиі алмастыруыңыздың себебі неде?
– Қапталдағы шабуылшылар – алаңда үлкен міндет атқаратындықтан, олардың рөлі өте маңызды. Бұл футболшылар жылдам әрі, тың болуы керек. Сол үшін де ротация жасап отырамыз. Жаңа футболшыларың қатарға қосылуымен, менде дәл осындай мүмкіндік пайда болып отыр. Бұл шешімім оларға да, командаға да өз пайдасын әкелетініне сенімдімін.
– «Таразбен» өткен кездесумен салыстырғанда бұл ойында құрамда өзгерістер бола ма?
– Мен әлі де кімнің нақты алаңға шығатынын толықтай шешкен жоқпын. Бүгін жаттығуда жігіттердің соңғы дайындықтарын бақылап, бапкерлер құрамымен ақылдасып, негізгі құрамда кімдердің алаңға шығатынын шешетін боламын.
– Жақында клубтың бас директоры тағайындалды. Ол кісімен команданың маусымға қойған мақсатын талқылап үлгердіңіздер ме?
– Бізге жүктелген міндет айқын – чемпиондық атақ пен Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алу.
– Команда құрамында бірнеше жас ойыншы бар. Олар осы маусымда алаңға шығуға мүмкіндік ала ма?
– Әрине.
– Дмитрий Шомконың баспасөз жиынына келуі, оның ертең негізгі құрамда алаңға шығатынына кепілдік бере ме?
– Әрине, жоқ. Мен Диманы футболшы ретінде өте қатты құрметтеймін. Оның бүгінгі баспасөз жиынына қатысуы менің көңілімнен шықты. Оның алаңға шығу/шықпасын нақты айта алмаймын. Алайда, мен оның алаңға шыққанын қалаймын.
– «Астана» премьер-лигада бірінші орынға қайта көтерілді. Осы жағдай кездесу алдында командаға қосымша мотивация болуы мүмкін бе?
– Чемпионат аясындағы кездесулер мен ертеңгі ойынның айырмашылығы өте көп. Әрине, психологиялық тұрғыда бірінші орынға көтерілгендігіміз өте жақсы болды. Бұл біздің қазіргі кездегі көңіл-күйімізді көтеретіндігі анық. Алайда, бұл жағдай ойын алдында қосымша күш береді дей алмаймын. Бұл Еурокубок бәсекесі болғандықтан, онсыз да команданың жігері жеткілікті деңгейде деп ойлаймын.