Еуроодақпен азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық артады

Еуропалық Комиссияның Ұтқырлық және көлік жөніндегі бас дирекциясының Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық Одақ комитетінің төрағасы Питер Бомбейдің Қазақстан Республикасына сапары өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар аясында Бомбей мырза ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовпен, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярмен, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Марат Қарабаевпен, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевпен және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Радумен кездесті. Кездесулер барысында Питер Бомбей Қазақстан Республикасында азаматтық авиацияны басқару тәсілдерінде жүргізіліп жатқан реформаларға Еуропалық Комиссияның жоғары баға бергені туралы хабардар етті. 

Бұл біздің еліміздің азаматтық авиация саласындағы өңірлік көшбасшы ретінде қалыптасуына ықпал етті. Сондай-ақ, Еуропалық Одақтың Ұшу қауіпсіздігі комитетінің басшысы Азаматтық авиация комитеті жүргізіп жатқан "ашық аспан" саясатын оң бағалады. Сапар барысында тараптар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе қатынасы саласындағы құқықтық базаны кеңейту сиақты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты. 

Питер Бомбей – ұшу қауіпсіздігі бойынша халықаралық сарапшы. 24 жыл бойы Еуропалық комиссияда жұмыс істейді. 3 жыл бойы ИКАО-да Еуропалық Одақтың өкілі болып жұмыс атқарды. Бомбей мырза Еуропалық Одақтың Еуропалық Комиссияның Ұтқырлық және көлік жөніндегі бас дирекциясының Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық Одақ комитетін 11 жылдан астам басқарды, ол өз кезегінде әуе компанияларын Еуропалық Одақ елдеріне ("қара тізім" деп аталатын) ұшуға тыйым салынған тасымалдаушылар тізіміне енгізу мәселелерін қарастырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы