Еуроодақ Венгрияға бұғатталған 16 млрд еуроны қайта бөледі
Сонымен қатар, Еуроодақ Венгрияға ынтымақтастық қорынан тағы 4,2 миллиард еуро бөледі.
Еуроодақ Венгрия үшін бұған дейін бұғатталған 16 миллиард еуро көлеміндегі қаражаттың құлпын ашатынын мәлімдеді. Бұл туралы Брюссельде Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен хабарлады.
Оның айтуынша, шешім Венгрияның реформалар бағытында қысқа мерзімде «елеулі ілгерілеуге» қол жеткізуіне байланысты қабылданған.
DW порталының мәліметінше, қаржының 10 миллиард еуросы COVID-19 пандемиясынан кейін экономиканы қалпына келтіру қорынан гранттар мен жеңілдетілген несиелер түрінде бөлінеді. Сонымен қатар, Еуроодақ Венгрияға ынтымақтастық қорынан тағы 4,2 миллиард еуро бөледі.
Бұл қаражаттар Виктор Орбан үкіметі тұсында заң үстемдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты алаңдаушылықтарға байланысты бұғатталған болатын.
Еурокомиссия мәліметінше, Венгрия қосымша реформаларды жүзеге асырған жағдайда, елге тағы 2,2 миллиард еуро бөлінуі мүмкін. Бұл талаптарды орындау мерзімі 31 тамызға дейін белгіленген.
Венгрияның жаңа премьер-министрі Петер Мадьяр бұл шешімді «ел үшін тарихи күн» деп атап, оның командасы «әрбір еуропалық цент үшін күрескенін» айтты.
Урсула фон дер Ляйен Венгриямен заң үстемдігі мен сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешуге бағытталған сенімді келісім жасалғанын мәлімдеді.