Еуроодақ Сирияға қарсы экономикалық санкцияларды алып тастады
Еуропалық Одақ (ЕО) Сирияға қатысты барлық экономикалық санкциялардың күшін жою туралы ресми шешім қабылдады. Бұл жөнінде Еуроодақ Кеңесінің сайтында жарияланған мәлімдемеде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеңес Сирияға қатысты барлық экономикалық шектеу шараларын алып тастайтын құқықтық актілер қабылдады, – делінген ресми хабарламада.
Алайда қауіпсіздікке қатысты кейбір шектеулер әлі де күшінде қалады. Мәлімдемеде атап өтілгендей, ЕО тізімінен 24 субъект, қорлар мен экономикалық ресурстар алынып тасталды. Олардың ішінде Сирия экономикасын қалпына келтіруде маңызды рөл атқаратын банктер мен ірі компаниялар бар.
ЕО елдері бұл шешімді 2025 жылғы 20 мамырда Брюссельде өткен Еуропалық Одақ Кеңесінің отырысында қабылдаған болатын. Еуроодақ дипломатиясының басшысы Кая Каллас өз сөзінде:
ЕО 14 жыл бойы Сирия халқына қолдау көрсетіп келді және бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, – деп атап өтті.
Санкцияларды жеңілдету бойынша ұқсас қадамды АҚШ та жасады. 23 мамырда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сирияға қатысты санкциялардың 180 күнге тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұл шешім электр, су және гуманитарлық көмек көрсету мақсатында қабылданған. Оның айтуынша, бұл шаралар жаңа екіжақты қарым-қатынастарға алғашқы қадам болмақ.
Бұл шешімдер халықаралық қауымдастықтың Сириядағы ұзаққа созылған дағдарысты жеңілдетуге және елдің экономикалық қалпына келуіне ықпал етуге ниетті екенін көрсетеді.