Еуроодақ Ресейге қатысты 9-санкциялар пакетін ұсынды

Еуропалық Одақ Ресейге қатысты 9-санкциялар пакетінің бөлігі ретінде ресейлік шенеуніктері мен әскерилердің саяхаттауына тыйым салып, активтерін бұғаттауды көздеп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ҚазАқпарат Еuronews агенттігіне сілтеме жасап жазды.

9-санкциялар пакетіне кіретін ұсыныстарды ЕО-ның атқарушы билігі, Еуропалық комиссия жасады.

«Біріншіден, біз санкциялар тізіміне тағы 200-ге жуық жеке және заңды тұлғалар қосуды ұсынамыз. Оның ішінде Ресей Қарулы Күштері, жекелеген офицерлер мен қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары, сондай-ақ Мемлекеттік Дума депутаттары, Федерация Кеңесі, министрлер, губернаторлар және саяси партиялар бар», - деді Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен.

Санкцияларға қосарлы мақсаттағы дрондар мен олардың құрамдас бөліктерін жеткізуге экспорттық шектеулер де кірмек. Бұл шаралар өз күшіне енгенге дейін ЕО-ның барлық 27 мүше мемлекетімен талқыланып, мақұлдануы тиіс.

Еске салсақ, 5 желтоқсаннан бастап Еуропалық Одақтың танкерлермен жеткізілетін Ресей мұнайына тыйым салатын эмбарго күшіне енді.

Еуропалық Одақ осы маусым айында Ресей Федерациясына қарсы санкциялардың алтыншы пакетін қабылдады. Онда 5 желтоқсаннан бастап Ресей мұнайын және 5 ақпаннан бастап мұнай өнімдерін теңізге жеткізу бойынша кейінге қалдырылған эмбарго қарастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы