Еуроодақ Ресей және Иранмен ынтымақтасатын елдерге инвестицияны қысқартуы мүмкін
Каллас бұл мәлімдемесін ЕО-ның «Global Gateway» атты жаңа инвестициялық стратегиясын әзірлеу аясында жасады.
Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас ЕО дамушы елдерге арналған қаржыландыру саясатын қайта қарауы қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Брюссель Ресей Федерациясымен және Иранмен тығыз ынтымақтастық орнатқан мемлекеттерге инвестициялық қолдауды азайтуы мүмкін.
DW порталының жазуынша, Каллас бұл мәлімдемесін ЕО-ның «Global Gateway» атты жаңа инвестициялық стратегиясын әзірлеу аясында жасады. Бағдарлама дамушы елдердегі инфрақұрылым, жасыл энергетика және цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған және оның жалпы бюджеті шамамен 300 млрд еуроны құрайды.
Егер серіктес ел Ресей немесе Иранмен ынтымақтастықты жалғастырса, онда біздің өзара әрекеттесуімізді қайта қарау қажеттігі туындайды. Дегенмен бұл толықтай қолдаудан бас тартуды білдірмейді, – деді Каллас.
Сондай-ақ ол инвестицияны тек қаржылық көмек емес, сыртқы саясаттағы ықпал ету құралы ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті. Еурокомиссар Йозеф Сикела да осы ұстанымды қолдап, қазіргі жағдайда халықаралық инвестициялар ЕО мүддесіне сай жүргізілуі тиіс екенін айтты.
«Global Gateway» бағдарламасы аясындағы инвестициялар негізінен Африка, Азия және Латын Америкасы елдеріне бағытталған. Қаржыландыру Еуропалық инвестициялық банк арқылы жүзеге асырылады және Египет, Кения, Оңтүстік Африка, Вьетнам, Бангладеш, Чили және Перу сияқты елдерді қамтиды.